СҚО-да сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын автопарк ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Global Gas Group республикалық энергетикалық жобасы бойынша солтүстік өңірлерге сұйытылған газ тасымалдайтын автопарк ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік шығыс көлік компаниясының» (СШКК) жаңа автопаркі Петропавл қаласында орналасқан. Автоколоннаның негізін магистралдық техника 10 Volvo ауыр жүк тасымалдайтын көлігі құрамақ. Бұл компанияның әр көлігінде сұйытылған табиғи газ секілді арнайы жүкті тасымалдауға халықаралық рұқсаты бар.

Global Gas Group – сұйытылған табиғи газбен айналысатын қазақстандық компаниялардың тобы. Елімізде 2015 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Мақсаты – республиканың магистралды газ құбыры жоқ аумақтарын сұйық отынмен қамту. 36 айдың ішінде компания 17 мың тонна сұйытылған табиғи газбен қамтыған. Ол қолданыстағы газдың 25 млн текше метріне тең.

«Республиканың солтүстігін газбен қамту жоспарын жүзеге асыру барысында біз метанның әр бизнеске қолжетімді болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Экономикалық тиімділікті арттыру үшін оңтайлы маршруттарды қарастыруға тура келді. Сол себепті биыл біз «Солтүстік Шығыс Көлік компаниясымен» бірге Петропавлда ортақ жобаны іске қосып жатырмыз. Бұл біз үшін ыңғайлы, өйткені ол - еліміздегі халықаралық рұқсаты бар санаулы компаниялардың бірі», - деді «Global Gas Regazification» директоры Панаёт Саулиди.

Мамандардың айтуынша, сұйытылған табиғи газ метан газын минус 162 градусқа дейін суыту барысында алынады. Кейін ол арнайы стансаларда регазификациядан өтіп, кәдімгі қолданыстағы газға айналады.

«Қазір біз бірінші кезекте білікті жүргізушілердің штатын жасақтауымыз қажет. Қызметкерлерімізге лайықты еңбекақы және тұрақты жұмыс ұсынамыз. Бұдан басқа жергілікті билікке атап айтқанда, облыстың және қаланың әкімдігіне Петропавл қаласында бизнесті ұйымдастыру кезінде кадрлық мәселелерді шешуге көмектескені үшін алғысымды білдіремін. Өңірді стратегиялық дамытуда әкімдіктің қолдауына сүйене отырып, көліктік хабты құруда негізгі мәселелерді өзара түсіністік нәтижесінде тез арада шешу мүмкін болғанын атап өткім келеді», - деді СШКК директордың орынбасары Олег Сексенбаев.

Бүгін Петропавлдан жаңа автопарктің алғашқы рейсі жолға шықты. Ол Щучье қаласы арқылы Нұр-Сұлтан қаласына жетіп, кейін РФ Екатеринбург қаласына жол тартады. 2020 жылы осылайша 1 075 рейс жасалмақшы. Ал 2021 жылы рейстердің саны 4 000-ға жеткізілмек. Өйткені маршрутқа Павлодар облысын қосу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар