СҚО-да Тәуелсіздік күні қарсаңында 40 астам жаңа нысан пайдалануға берілмек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылып әлеуметтік маңызы бар бірнеше жаңа нысан пайдалануға берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ішкі саясат басқармасының мәліметінше, осы күндері облыстың әр ауданында жаңа нысандар қолданысқа беріліп жатыр. Мәселен бүгін Аққайың ауданының Полтавка елді мекенінде жаңа медициналық пункт есігін айқара ашса, Қиялы ауылында мектеп жанынан шағын орталық құрылып, бүлдіршіндерді қабылдады.

Алдағы күндері өңірдің елді мекендерінде бірнеше дүкен, балабақшалар мен моншалар, ателье, шаштараз, наубайхана, дәмханалар пайдалануға беріледі. Жаңа нысандардың қолданысқа енуімен тұрақты жұмыс орындары да пайда болмақ. Есіл ауданындағы Заградовка елді мекенінде 400 ірі қараға арналған мал кешені, Тимирязев ауданында құс фермасы салынды.

Петропавл қаласында Береке, 19-шы шағын аудандарда 100 пәтерлі және 79 пәтерлі екі көп қабатты үйдің тұрғындары Тәуелсіздік күні мерекесімен қатар қоныс тойын да тойламақ. Жалпы алдағы күндері өңірде 40-тан астам жаңа нысан пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ жоспар бойынша 14 желтоқсан күні облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, тұрғындар көкөніс, ет-сүт өнімдерін, балық пен бал сияқты азық-түлікті арзан бағаға сатып алуға мүмкіндік алады.

Мереке күндері театрларда спектакльдер мен концерттік бағдарламалар өтеді. 13 желтоқсанға «Таңшолпан» қазақ мәдениетінің облыстық фестивалі жоспарланған. Ал саламатты өмір салтын ұстанатындар төрт күн демалыста Борки кентінде шаңғы теуіп, спорттың осы түрінен жасөспірімдер арасында өтетін облыстық турнирді тамашалай алады.

Соңғы жаңалықтар