СҚО-да учаскелік полиция инспекторлары 1 желтоқсанға дейін үйлер мен пәтерлерді аралайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлердің «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде 7 қыркүйек бастау алған «Учаске» операциясының мақсаты – облыстың әрбір тұрғынына, ауылдықтарға, қалалықтарға өздерінің учаскелік инспекторымен танысуға, әңгімелесуге, телефон нөмірлерін алуларына жағдай жасау. Облыста 289 әкімшілік учаске бар. 7 қыркүйектен бастап, облыс бойынша 5633 жер үй мен 2877 пәтер, оның ішінде 205 жалдамалы пәтер араланды. Сондай-ақ, саяжайлар бақылауда, 5 мыңнан астам саяжай үйлері тексерілді.

Бұрын сотталған адамдарды, проблемалы отбасыларды, сондай-ақ қару иелерін тексеруге ерекше көңіл бөлінеді. Басты міндет – қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және уақтылы анықтау. «Учаске» операциясының басында ішкі істер органдарында есепте тұрған 844 адам тұрғылықты жері бойынша, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 120 адам тексерілді. Облыста 7353 азаматтық қару иесі ішкі істер органдарының есебінде тұр. Қыркүйек айының басында тұрғылықты жері бойынша оның 669-ы тексеріліп, 12 бұзушылық анықталды. 5 бірлік атыс қаруы алынды, олардың барлығы тегіс ұңғылы қару болып табылады.

Жалпы өңірде 289 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Олар күн сайын 202 учаскелік полиция пункттерінде азаматтарды қабылдайды. Халықтың көп шоғырлануына байланысты облыс орталығы – Петропавлда қызмет көрсететін полицейлердің жүктемесі ауыр. 97 учаскелік полиция инспекторы 13 «тірек» пункттерінде қызмет көрсетеді. Биылғы жылғы 8 айдың ішінде қалалық учаскелік полиция инспекторлары 1810 қылмыстың бетін ашып, 16 мыңнан астам түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар анықтады.

«Учаске» операциясы шеңберінде жүйелі профилактикалық жұмыс қыстың алғашқы күніне дейін жалғасып, іс-шара 1 желтоқсанда аяқталады.


Соңғы жаңалықтар