СҚО-да Ұлттық табиғи парк директорына 23 млн теңге айыппұл салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында лауазымды өкілеттігін асыра пайдаланған «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі Арықбалық филиалының директорына 23 миллионнан астам теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің басшысы Ернар Баянғазин «Antıkor ortalyǵy» сервистік орталығының алаңында «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің Арықбалық филиалының директоры Леонид Ларионовтың қылмыстық ісі жайында айтты.

СҚО Айыртау аудандық сотының үкімімен «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі Арықбалық филиалының директоры бірнеше рет пара алу, билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдалану, лауазымды адамға заңсыз аң аулату және пара беру фактілері бойынша кінәлі деп танылды.

«Оған параның 35 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салынды, бұл - 23,4 млн теңге. Сондай-ақ филиал директоры 3 жыл мерзімге аң аулауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басшылық қызметтерді атқара алмайды», - деді Ернар Баянғазин.

Департамент басшысының айтуынша, 2020 жылдың маусым айында филиал директоры ағаш кесуге рұқсат беріп, сол үшін ағаш дайындаушылардан бірнеше рет пара алған. Бұдан басқа парк аумағынан қураған ағаш пен сүректерді шығаруға рұқсат бергені үшін филиал орманшысынан да пара алған.

«2020 жылдың шілдесінде өзінің қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, филиал қорықшысына парк аумағында аң атуға тыйым салынғанына қарамастан, елік атуға әдейі заңсыз нұсқау берді. Бұдан кейін Л. Ларионов елік етін және «Пелядь» балығы салынған екі пакетті филиал жұмысына тексеріс жүргізе келген СҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысына пара ретінде береді. Күдікті өзіне тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді», - деді ведомство басшысы.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа жол бергені және дұрыс бақылауды ұйымдастыра білмегені үшін сотталушының тікелей басшысын қатаң тәртіптік жауапқа тарту мәселесін қарастыруды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар