СҚО-да үй құстарының неден қырылып жатқанын елордалық мамандар анықтайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының үш елдімекенінде үй құстарының неден қырылғанын анықтау үшін Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығынан мамандар келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Шал ақын ауданындағы Сухорабовка, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Чернобаевка және Тимирязев елдімекенінде 9-11 қыркүйек аралығында шамамен 700 бас үй құсы қырылды.

Ветеринарлық қызмет өлген тауықтан патологиялық материал алып, зертханаға жіберді. Әзірге, нәтижесі белгісіз. Бүгін өңірге Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығынан мамандар келмек. Олар сынама алып, Нұр-Сұлтан қаласына әкетіп зерттейтін болады.

«Біз қырылған құстың көзін жойдық. Аулаларды зарарсыздандырдық. Өлген құс бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі. Бірақ әзірге жаңа деректер анықталған жоқ. Бұдан басқа халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан құс тұмауы өршіген Ресейдің Омбы облысынан құсты және шикі құс өнімдерін енгізуге шектеу қойды. Алайда құс қырылған елдімекендер Ресеймен шекаралас жатқан жоқ.

«Қазір құс қырылған ауылдарды жабуға негіз жоқ. Сараптаманың қорытындысын күтеміз. Диагноз қойылғаннан кейін нақты іс-шаралар қолға алынады. Яғни бұл елдімекендерді карантинге жабу немесе кіріп-шығуды шектеу бойынша. Сараптама қорытындысы ертеңдері дайын болуы тиіс», - дейді Берік Әлжанов.

Басқарма басшысының айтуынша, құстың неден қырылғанын сараптама қорытындысы келмей, айтуға юболмайды. Өйткені клиникалық белгілері бірнеше ауруға ұқсайды.

«Пастереллез, сальмонеллез және құс тұмауы, ньюкасл ауруы және колибактериоз. Қайсы екенін қазір айтуға болмайды, өйткені белгілері ұқсас. Бұлардың барлығы – инфекциялық аурулар. Яғни құстардың дене қызуы көтеріледі. Іші өтеді, әлсіздік пайда болады, бастарын артқа салады, айдары көгереді», - дейді Берік Әлжанов.

Осыдан екі жыл бұрын СҚО-ның Айыртау ауданында құстарда ньюкасл ауруы тіркелген болатын.


Соңғы жаңалықтар