СҚО-да үй жануарлары мен құсқа екпе салуға 441 млн теңге бөлінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында үй жануарлары мен құсты түрлі ауруларға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 441 млн теңге шамасында қаражат бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, екпе науқаны басталғалы 133 мың ірі қара малдан сынама алынып, оның 134-інде бруцеллез табылды.

Жалпы өңірде вакцинация 60 %-ға орындалып, 900 мыңға жуық құс пен үй жануарына екпе салынды. Бұл жұмыстарға облыс бюджетінен 441 млн теңге шамасында қаражат бөлінген.

Мамандардың айтуынша, вакцина сібір жарасына, пастереллез, дерматитке, құс тұмауына, туберкулезге, құтырмаға және басқа да ауруларға қарсы егіледі.

Төрт түліктен бөлек осы уақытқа дейін 2 900 итке, 420 мысыққа құтырма ауруына қарсы вакцина салынған. Бұл барлық егілуі тиіс ит-мысықтың шамамен 70 %-ы.

«Көктемгі вакцинация наурыз айында басталды. Төрт-түлікті зерттеу кезінде алдымен қанын алып, оларды жеке нөмірлеп, құлақтарына белгі тағамыз.

Егерде малдан ауру табылса, сол нөмір арқылы анықтап, бірден союға жібереміз. Сондай-ақ, қазіргі уақытта үй жануарының паспорты қажет емес.

Арнайы база бар, соған бәрі енгізілген. Бұл өте ыңғайлы, бар ақпарат сол жерде», - дейді ветеринар Ирина Гуськова.

Жалпы облысқа республикалық қордан 3,5 млн астам дана препарат бөлінген.

121 млн теңгенің 2 млн жуық дозасы жеткізілді. Бұл көктемгі вакцинациялауға арналған. Ветеринарлар науқанды мамырдың соңына дейін аяқтамақ.


Соңғы жаңалықтар