СҚО-да жастардың тұрақтауы мен мамандардың келуіне қосымша жағдай жасалады - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары өңірдің инфрақұрылымын жақсартады. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, осы өңірдің Әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын жаңартты. Қазіргі таңда, кешенді жоспардың жалпы инвестицияның көлемі шамамен 2 трлн теңгені құрап отыр. Оның басым бөлігі – жеке инвестициялар. Облысқа жеке инвестиция тарту жаңа жобаларды іске асыруға, сапалы жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының жаңа құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

А. Маминнің айтуынша, алдын ала бағалау бойынша кешенді жоспардың іске асырылуы өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 1,5 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқынын 5,2 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Жаңа өсу нүктелері пайда болады. Облыстың инфрақұрылымы жақсарады.

«Жалпы өңір сапалы даму үшін жаңа импульске ие болады. Ең бастысы, 26 мың жұмыс орны құрылады. Қаржыландыру көлемінің артуы мен халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы өңірдегі көші-қон үрдістерін тұрақтандуға мүмкіндік беріп, жастардың тұрақтауы мен мамандардың келуіне қосымша жағдай жасайтын болады. Бұған білім беру мен денсаулық сақтау салаларын белсенді дамыту септігін тигізеді», - деді Прмьер-Министр.

Үкімет отырысы барысында Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді.

«Ұлттық экономика министрлігіне және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кешенді жоспардың іс-шараларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды. Оны іске асырудың жалпы сомасы 1,8 трлн теңге. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысында 2,3 млн шаршы метр немесе 21,7 мың пәтер салынатыны белгілі болды. Қойма және сауда алаңдарымен қамтамасыз ету үшін «Қызылжар» сауда-логистикалық хабы құрылады.



Соңғы жаңалықтар