СҚО-да жолдарды тиісті деңгейде ұстамаған 60 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жолдардың тазалығына жауап беретін ұйымдарға жыл басынан 223 ұйғарым жіберіліп, 60 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыста жолдардың уақтылы тазаланып, тиісті деңгейде болуын тәртіп сақшылары бақылауда ұстайды. СҚО аумағынан халықаралық, республикалық маңызы бар жолдар өтеді. Бұл жолдарға 60 техникасымен «Казахавтодор» ЖШС жауапты. «Петропавл Жолдары» ЖШС мен қосалқы мердігер үш ұйым облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды 114 арнайы техникасымен тазалайды. Петропавлда көшелердің қардан таза болуы 22 коммуналдық ұйымға бекітілген.

Биыл қардың көптігінен облыс орталығынан қар шығаруға тәулігіне 500 машинаға дейін жұмылдырылды. Енді жаяу жүргіншілер жолын тазалауға басымдық берілген.

«Жолдардың сапасын күнделікті бақылап отырамыз. Жолдарда мұз қатса, қардың уақытында алынбауынан ені тарылса, ойықтар пайда болса – бұл жол-көлік оқиғаларына әкеліп соғуы мүмкін. Зерттеулердің қорытындысы бойынша олқылықты жоюға ұйғарым беріледі. Мәселен наурыз айында Омбы айналма жолынан Борки елді мекеніне дейінгі аралықтың дұрыс тазаланбағанын анықтадық. Жауапты кәсіпорынға ұйғарым жіберіліп, олар 6 сағаттың ішінде жолды қалыпқа келтірді», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Назар Байматов.

Жыл басынан полицейлер жауапты ұйымдарға 223 ұйғарым жолдады. Жолдар мен жол құрылыстарын қанағаттанарлықсыз деңгейде ұстағаны үшін 60 лауазымды тұлға, оның ішінде үшеуі ұйғарымдарды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.



Соңғы жаңалықтар