СҚО-да жыл басынан бері бір келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары жыл басынан есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 29 адамды ұстап, 1 келіден астам синтетикалық есірткіні айналымнан алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бірінші

тоқсандағы жұмыстарын қорытындылады. Басқарма өз жұмысында синтетикалық есірткілерге қарсы күреске басымдық береді. Есірткінің бұл түрі басқаларына қарағанда келтіретін залалы бойынша аса қауіпті. Бұдан бөлек, соңғы кезде есірткі саудасы заманауи технологиялар арқылы байланыссыз жүзеге асырылады.

Жыл басынан облыста есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 29 адам ұсталды. Оның 7-уі синтетикалық есірткілердің өндірісін ұйымдастырғаны үшін, 3-уі тыйым салынған заттарды сататын интернет-дүкендердің қызметін ұйымдастырғаны үшін жауап бермек. Бұдан бөлек, 2 адам есірткіні жасырын орынға салып кеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мәселен, ақпан айының ортасында жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде аса ірі көлемдегі заңсыз есірткі айналымына қатысы бар деген күдікпен Ақмола облысының 19 жастағы тұрғыны ұсталды. Жігіттің көрсетуі бойынша жасырған 30 орыннан салмағы

41,49 грамм кристалл тәріздес заты бар полимерлік түйіншектер алынды.

Сондай-ақ, оның тұрғылықты жерінен 23 түйіншек табылды. Онда салмағы 82,15 грамм есірткіге ұқсас зат болған.

«Сараптамалардың нәтижелері бойынша бұл заттар «тұз» және «мефедрон» болып шықты. Көкшетау қаласындағы оқу орындарының бірінде оқитын жігіт Петропавлға келген. Ол жедел уәкілдердің назарына ілігіп, қылмыс үстінде ұсталды. Әлеуметтік желілерде

тұрғындар полицейлерден есірткі таратушы болуы мүмкін адамды көрген жағдайда не істеуге болатынын сұрап жатады. «102» арнасына немесе басқарманың 8 7152 39-41-93 сенім телефонына хабарласуға болады.

WhatsApp мессенджеріндегі +7-707-500-96-65 нөмірінде чат жұмыс істейді.

Instagram, Facebook, ВКонтакте әлеуметтік желілерінде upn_dp_sko аккаунтары бар, парақшаларда хабарлама қалдыруға болады», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

3 айдың ішінде СҚО-да полицейлер заңсыз айналымнан 25,5 келі түрлі есірткі тәркіледі, оның 1 келіден астамы синтетикалық есірткі.


Соңғы жаңалықтар