СҚО-дағы шалғай ауданда «ашық әкімдік» жұмысын бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Талшық елді мекенінде «open space» форматында жұмыс істейтін сервистік әкімдік ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Ақжар ауданының орталығы Талшықта іске қосылған «ашық әкімдікте» құрылыс, білім, коммуналдық және ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және АХАЖ бөлімдері жұмыс істейді. Бұдан былай аудан тұрғындары мемлекеттік қызметшілерді әр кабинеттен іздеп сабылмай, қажетті қызметтерді бір орыннан алатын болды.

Орталықтың ашылуына аудан әкімі Ербатыр Мадяров, облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин мен «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Амангелді Сатанов қатысты.

«Өңірде мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындылығы қағидаттарына ерекше көңіл бөлінеді. Аудандық фронт-офис кеңес беру, құжаттарды қабылдау және халыққа көмек көрсету үшін қолайлы алаң құруға бағытталған. Сонымен қатар, «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасы аясында дәстүрлі түрде азаматтардың ашық қабылдаулары өткізіліп, тұрғындардың мәселелері шешімін табуда. Облыс әкімдігінің барлық кеңестері online режимінде өткізіледі. «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» арқылы халық бюджет ақшасының бөлінуін және жұмсалуын қадағалай алады», - деді Ғани Нығыметов.

Қонақтар жаңадан ашылған сервистік әкімдіктің жұмысымен танысып, қызметкерлермен әңгімелесті.

«Бүгін біз бірнеше нысанға барып, соның ішінде ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарын көрдік. Халықпен жүздесіп, жалпы оң әсер алдық. Ақжар ауданының әкімі ұсынған «ашық әкімдік» тұжырымдамаға сәйкес келеді. Ашықтық және есептілік бар. Бұл open space, бос кеңістік. Жалпы ыңғайлы және кедергісіз жағдайлар жасалған», - деді Нұрлан Жахин.

СҚО-да 2019 жылдан бастап аудандар мен қалаларда 9 сервистік әкімдік ашылды. Жыл соңына дейін барлық аудан әкімдіктерінің жұмысын «open space» форматына көшіру жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар