СҚО-дағы жобаларға 10 млрд доллар инвестиция құйылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да қытайлық инвесторлардың қатысуымен «Бірлескен өнеркәсіп кәсіпорындары паркін» құру көзделіп отыр. 5 жылға жоспарланған жоба нәтижесінде өңірде 20 мың жұмыс орны ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов қытайлық инвесторлармен кездесу өткізді. Өңірге Қытайдың іскерлік делегациясы бірлескен жобаларды нақты талқылау үшін келіп отыр. Шетелдік бизнесмендер бірнеше бағытта жұмыс істемек. Бұл машина жасау, оның ішінде жүк көліктерін құрастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қант зауытының құрылысы, майлы дақылдар және бидайды терең өңдеу бойынша кәсіпорындар ашу. Сондай-ақ инвесторлар кабель зауыты мен трансформатор зауытын салуды жоспарлаған.

«Жыл бойы біз келіссөздер жүргіздік. Барлығын есептеп, мүмкіндіктерімізді зерттедік. Өнімге сұраныс қандай болады, оны да қарадық. Жан-жақты саралай келе қытайлық инвесторлармен меморандумға қол қойылды. Делегация құрып, Ху-Вэй провинциясына барып келдік. Губернаторларымен әріптестік жөніндегі келісімге қол қойдық. Ондағы кәсіпорындарды аралап, экономикалық әлеуетін байқадық. Қытай мемлекеті де өз сараптауын жүргізіп, нәтижесінде Үкімет жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Біз жобаны жүзеге асыруға дайынбыз»,- дейді СҚО әкімі Қ.Ақсақалов.null

Нәтижесінде жобаны жүзеге асыруға 10 млрд доллар шамасында инвестиция құйылмақ. 7 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтін индустриалды парк 67 шаршы шақырым аумақты алады. Жоба 3-5 жылда жүзеге асырылмақ. Қытайлық делегация әріптестік аясында бірқатар мәселелерді талқылап, ортақ шешім қабылдау мақсатында келіп отыр.

«Қытайлық «бір белдеу, бір жол» бағдарламасы мен сіздердің «Нұрлы жол» бағдарламаларыңыздың бірқатар тармақтары үйлесетінін байқадық.Осы екі құжаттың негізінде ортақ мәселелерді шешу мақсатында келіп отырмыз. Екіншіден машина құрастыру, электр энергия және тағы басқа бағыттағы әріптестікті талқылауымыз қажет», - дейді Азия даму іскерлік компаниясының бас директоры Сю Ли Рэн.

Шетелдік инвесторлар облыс әкімі Құмар Ақсақаловты сәуір айында Қытайда өтетін «Бір белдеу,бір жол» форумына қатысуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар