СҚО кәсіпкерлерінің өнімдері Ресей, Тәжікстан мен Түрікменстанға экспортталады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы былтыр өңір бизнесмендеріне өнімдерінің шыққан жерін айқындайтын 2 336 сертификат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр берілген сертификаттың 2 119-ын экспортер бизнесмендер алған. Тауардың шыққан жерін растайтын сертификат кедендік рәсімдеуде қажет. 2014 жылдан бастап осындай құжаттарды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы беріп келеді.

«Кәсіпкерлерге бірнеше сертификат береміз. Мәселен, СТ-KZ сертификаты тауардың Қазақстанда жасалғанын ғана көрсетіп қоймай, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысатындардың барлығына қажет. Былтыр оның 310-ын бердік. Сондай-ақ 7 индустриалды сертификат табысталды.

Тауарын экспортқа шығаратындарға берілетін сертификат Еуроодақ елдерінің кейбірінде өнім өндірушілерге жеңілдік береді. Мысалы, кеден салығы азайтылуы немесе одан мүлдем босатылуы мүмкін. Сертификат сыртқы саудада ешқандай артықшылық бермесе де, шетелдік серіктес өз заңдарына сәйкес бұл құжаттың болуын талап етуі мүмкін», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының маманы Олег Жугин.

Былтыр солтүстікқазақстандық бизнесмендер өз өнімдерін негізінен Ресейге, Тәжікстан мен Түркменстанға саудалаған. Шет елге сүт өнімдері, мұздатылған жартылай дайын өнімдерді, макарон, зығыр, мақсары тұқымын, бидай глютені, крахмал, тағы құрғақ астар мен сабын, күнделікті тұрмысқа қажет пластик бұйымдар шығарылған. Барлық сертификаттардың 34 %-ы осы тауарлардың экспортына берілген.

«Өзбекстанмен де жақсы байланыс орнатылған. Өткен жылы берілген сертификаттардың 3 %-ы осы елге тиесілі, бидай экспортталды. Иран, Қытай, Ауғанстанға да негізінен бидай мен майлы дақылдар сатылады. Осы мақсатта барлық сертификаттардың 30%-ы берілді. Қалған 5%-ы жасымық, бидай, бұршақты, зығыр күнжарасын Түркия, Италия, Бельгия, Нидерланды, Польша және Германия елдеріне шығаруға жасалды», - дейді Олег Жугин.

2020 жылы отандық тауар өндірушілер тізіліміне 7 кәсіпорын кірді. Олардың үшеуі машина жасаумен, біреуі тігін өнеркәсібімен, екеуі жиһаз жасаумен және біреуі химия өнеркәсібі. Олардың барлығына индустриалды сертификат берілді.


Соңғы жаңалықтар