СҚО-ның қылмыстық атқару жүйесінде 6 түрлі ұлт өкілдері еңбек етеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінде 6 түрлі - қазақ, орыстан басқа, татар, чуваш, украин және неміс ұлтының өкілдері еңбек етеді. Олардың бірінің ата-әжелері кезінде Қазақстанға тың игеруге келсе, енді бірінің туған-туыстары солақай саясаттың салдарынан жер аударылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Светлана Борисенко – СҚО бойынша ҚАЖД аға инспектор-психологы, әділет майоры. Ішкі істер органдарында еңбек етіп жүргенінен 15 жылдай болған. Негізгі міндеті жеке құраммен байланысты, оларға психологиялық көмек, ақыл-кеңес береді. Жұмысқа жаңадан келген жас қызметкерлерге тезірек қызметке бейімделуге көмектеседі. Түрлі тренингтер өткізіп, қызметкерлерді штаттан тыс оқыс оқиғаларға әзірлейді.

«Мен де, менің әке-шешем де Қазақстанда туған. Мен үшін Қазақстан – менің Отаным. Осы жерде туып, өстім, жетілдім. Өзім 1985 жылы қазіргі М.Жұмабаев ауданында дүниеге келдім. Ал ата-әжем Украинадан қоныс аударған екен. Әжемді Қырымнан жер аударған. Ол таза неміс, Эрна Франсовна Гернер. Сондықтан менде неміс ұлтының да қаны бар. Атам – украин, Қазақстанға 1950 жылдары тың игеруге келген екен. Олар осы жерде танысып, шаңырақ көтеріп, өркенін жайды», - дейді Светлана Борисенко.

Светлана М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі. Психолог болуды мектепте жүргенде-ақ шешіп, өзін-өзі дайындай бастайды. Мұғалім болып жұмыс істейтін анасының психология-педагогика туралы кітаптарын оқып, арнайы әдебиетпен танысады. Ал ішкі істер органдарына келуге нағашы атасының тәрбиесі әсер еткен екен.

«Менің нағашы атам 3 жыл әскерде Қиыр Шығыста болған. Мінезі қатты, патриот еді. Ол бізге кішкентайымыздан Отанға адал болу керек деп құлағымызға құйып отыратын. Өзінің әскерде қалай қызмет атқарғанын, ол жақтан офицер болып оралғанын айтатын. Одан басқа біздің әулетте әскери қызметпен байланысты ешкім жоқ. Бір жағынан әке-шешемнің де арманын орындадым. Олар менің заңгер болғанымды қалады, ол кезде сәнді мамандықтардың бірі еді. Қазір менің жұмысым заңгерлікпен де байланысты», - дейді әділет майоры.

Светлана Борисенко тарихи Отаны – Украинаға саяхаттап баруды армандайды.

«Украинада, өкінішке орай, болған емеспін. Атам барып келді, оның айтуынша, Украинаның батысында, Чернигов, Львов облыстарында біздің туыстарымыз көп. Қазір хат-хабар алмасып тұрамыз, ол жағынан қиындық жоқ. Әрине, барып көргім келеді, тілді үйренсем деймін, қазір аздап түсінемін», - дейді Петропавл тұрғыны.

Светлананың өз отбасы да – көп ұлтты. Күйеуі – армян ұлтының өкілі. Ұлы балабақша жасында.

«Сол себепті мен үшін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің орны ерекше. Балама үнемі оның мән-мағынасы жайында айтып, түсіндіріп отырамын. Бірақ ұлым әлі кішкентай. Әдетте бұл күні отбасымызбен көшеге шығып, мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шараларды тамашалаймыз. Біз бәріміз осы кең-байтақ Қазақстанның азаматымыз, ұл-қызымыз, ұлтымыз басқа болғанымен ол бізге тату-тәтті тұруға кедергі емес», - дейді Светлана Борисенко.

Ағайнды Евгений және Григорий Ивановтар да СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде еңбек етеді. Григорий – ЕС 164/1 түзету мекемесінде жасақ бастығы. Оның негізгі міндеті сотталғандар және қамауға алынғандар арасында тәрбиелік, әлеуметтік және психологиялық жұмыс жүргізу.

Григорийдің ағасы Евгений ЕС 164/3 мекемесінде бөлім бастығы болып қызмет атқарып жүр. Оның негізгі міндеті - сотталғандар және қамауға алынғандар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізу.

Ағайындылардың ұлты – чуваш. Айтуларынша, әке-шешесі 1960-шы жылдары Башқұрстаннан тың игеруге келген. Бүгінде қазақ жері оларға құтты қонысқа айналды.

«Департамент пен оның мекемелерінде 350 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің 51 % – қазақ, 41 % – орыс, ал қалған 9 %ын басқа ұлт өкілдері, яғни татарлар, украиндер, немістер мен чуваштар құрайды», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.


Соңғы жаңалықтар