СҚО-ның шалғай екі ауылында «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының екі ауылында «Ашық әкімдік» фронт кеңсесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің ең шалғай орналасқан Уәлиханов ауданына жұмыс сапарымен облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов және аумақтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Жарқын Ғалымов барды. Олардың қатысуымен Бидайық және Телжан ауылдарында «Ашық әкімдік» фронт-кеңселері ашылып, ауылдық округтердің мамандары жұмысқа кірісті.

«Фронт-кеңселердің ашылуы тұрғындар үшін ыңғайлы. Ауыл халқы мемлекеттік қызметтерді ешқайда бармай өздерінде алады. Бастаған жұмысты одан әрі жетілдіру қажет. Төлем жасау үшін банкоматтар мен терминалдарды орнатуды қарастыру керек», - деді Жарқын Ғалымов.

Облыс әкімінің орынбасары, «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасының кураторы Ғани Нығыметов «ашық әкімдіктер» енді облыстың ең шалғай ауылдарында да қолжетімді екенін атап өтті.

«Егер өткен жылы «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «ашық әкімдіктер» облыстың барлық аудан орталықтарында құрылса, енді осы жылы біз ауылдық округтерде ашып жатырмыз. Осылайша, мемлекеттік қызмет көрсету мәдениеті біздің ауылдарға да келеді. Бұл формат адамдар үшін ыңғайлы, мұнда интернет бар, қарт адамдарға қызметтерді электронды түрде алуға әрдайым көмек көрсетіледі», - дейді Ғани Нығыметов.

Бүгінгі таңда облыстың төрт ауылдық әкімдігі халыққа қызмет көрсетудің жаңа моделіне көшті.

Сапар барысында СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы аудандық деңгейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, аудандық орталықтандырылған кітапханадағы «Парасат жолы» орталығының жұмысын көрді.


Соңғы жаңалықтар