СҚО-ның су қоймаларына балықтың 44 млн дернәсілі жіберіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев және Петропавл су қоймаларына балықтың 44 млн дернәсілі жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петропавл балық тәлімбағы» кәсіпорны Сергеев, Петропавл су қоймаларын мемлекеттік тапсырыс аясында балықтандырады. Бұл жылда атқарылатын жұмыс. Былтыр республикалық бюджеттен 45 млн теңге бөлініп, 44 млн дана балық дернәсілі су қоймаларына жіберілсе, биыл да сол межені орындамақ.

«Сергеев су қоймасына 34 млн сиг тұқымдас балықтың дернәсілі босатылады, қалған 10 млн-ы Петропавл су қоймасына жіберіледі. Су қоймаларын сиг тұқымдас балықтардың: сиг, пелядь, рипустың дернәсілдерімен балықтандыру іс-шарасы жылына бір рет көктемде жүргізіледі», - дейді «Петропавл балық тәлімбағы» РМҚК директорының міндетін атқарушы Рустам Жанабаев.

Балықтың дернәсілдері былтыр қараша айынан бастап инкубациялық цехтегі бассейндерде өсірілді. Өліп қалмауы үшін мамандар технологияны сақтап, судың температурасын + 6,+7 градустан түсірмеді. Енді олар полиэтилен қапшықтарда су қоймаларына жеткізіледі.

«Артылғанын облыстың табиғат пайдаланушыларына, көлдерді жалға алушыларға сатамыз. Былтыр кәсіпкерлер 5 млн данасын сатып алған. Ал қыркүйек айында тұқы балығының 1 млн шабағын Сергеев және Петропавл су қоймаларына жіберуді жоспарадық», - дейді Рустам Жанабаев.


Соңғы жаңалықтар