СҚО полицейлері көпбалалы 30 шақты отбасыға көмек көрсетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық полицейлер «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясына қатысып, көпбалалы 31 отбасыға көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жасылық жаса» қайырымдылық шарасы 18-28 ақпан аралығында өтті.

Алғашқылардың бірі болып акцияға облыстық Полиция департаменті жылдам әрекет ететін арнайы жасағының инспекторлары қосылды. Олар Петропавл қаласы, Комсомольская көшесінде жер үйде тұратын жалғызбасты зейнеткер әйелге көмек көрсету туралы бірауыздан шешім қабылдаған. Арнайы жасақтың инспекторы Ринат Рахимовтің айтуынша, оған көршілес орналасқан үйде 63 жастағы зейнеткер тұрады екен. Соңғы күндері қардың көп түскенін көріп, инспектор өзінің әріптестерін көмекке шақырыпты. Олар қуана келісіп, айналасы бір-екі сағаттың ішінде зейнеткердің ауласын қардан тазартып тастады.

Облыстық Полиция департаменті Арнайы даярлық басқармасының қызметкерлері Победа көшесіндегі бір бөлмелі пәтерде тұрып жатқан отбасы мүшелеріне көмектесті. Отағасы Манап Серікбаев жалғыз өзі төрт баланы тәрбилеп отыр. Офицерлер азық-түлік пен басқа да қажетті заттар әкеліп, балаларды қуантты.

Әкімшілік полиция басқармасының офицерлері де акциядан қалыс қалмай, Петропавл қаласында тұратын Мақашевтар отбасына азық-түлік апарды. Бұл отбасыда алты бала тәрбиеленуде. Ал, жергілікті полиция қызметі басқармасындағы әріптестері Ойқала ауданында тұратын Пипустардың отбасына барды. Сақшылар балаларға киім-кешек, азық-түлік, отын әкелді. Татьяна Пипус отағасы екеуі жеті бала тәрбиелеп отыр. Үлкендері - 15-те, мүгедек, ал ең кішкентайлары - 6 айлық екен.

«Полиция департаментінің қызметкерлеріне алғысым шексіз. Бұл біз үшін үлкен көмек», - дейді Татьяна.

Жалпы, өңірдің тәртіп сақшылары 11 күнде 31 мұқтаж отбасыға көмек көрсетті. Акция барысында интернатта тұрып жатқан балалар да назардан тыс қалмады.

СҚО ПД бастығының орынбасары Қапез Дәулетбаев айтып өткендей, қайырымдылық акциясы бір реттік шара емес. Полиция департаменті көмекке мұқтаж отбасыларға көмек көрсету мақсатында ауқымды жұмыстарды жоспарлаған.

Соңғы жаңалықтар