СҚО сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлер қатарында

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлер тізіміне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйіне мониторинг» зерттеуін жүргізді.

СҚО әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелеріне осы зерттеудің нәтижелері туралы СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ернар Баянғазин айтып берді.

«СҚО-да азаматтардың 95,5% және бизнесмендердің 99,3% бір де бір ведомствода олардан сыйақы сұрап, мәселелерді шешу үшін бармақ басты, көз қыстылыққа жол берілмегенін айтқан. Сонымен қатар, неғұрлым жемқор мемлекеттік мекемелер тізімінде емханалар мен ауруханалар, полиция, салық және өртке қарсы қызметтер, жер қатынастары және қала құрылысы органдары, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары жүр», - дейді Ернар Баянғазин.

Респонденттер мәселені бейресми шешуге көп жағдайда мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ұйытқы болатынын, ал әрбір төртіншіде ортада делдалдар жүретінін айтқан.

Осыған байланысты департамент басшысы пара берушілермен қатар пара алуда делдалдардың да жауапкершілігі күшейтілгенін еске салды.

«Егер бұрын «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары жаза - 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру болса және тиісінше, бұл әрекет орташа ауырлықтағы қылмыс деп танылса, енді жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұл қылмыс автоматты түрде ауыр санатқа жатқызылады. Мұндай қылмыскерлерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға және оларға жазаны бірден қауіпсіздігі барынша төмен колонияда өтеуге тыйым салынған», - деді СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі.

Ернар Баянғазин кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіргені үшін жауапкершілік жүгі артқаны ескертті.

Енді құқық қорғау органдары қызметкерлері бизнеске заңсыз араласқаны үшін бұрынғыдай екі жыл емес, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жалпы СҚО «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлер тізіміне енді.


Соңғы жаңалықтар