СҚО тұрғыны асыл тұқымды тауық өсіруді қолға алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Меңгесер ауылының тұрғыны «Бастау» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант алып, «Хайсекс уайт» асыл тұқымды тауығын өсіре бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданы Меңгесер ауылының тумасы Нұрболат Нұрманғалидың құс қорасында қазір асыл тұқымды тауықтың 400-і бар. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша курстан өткен ол осылайша өз ісін бастап отыр.

«Өз кәсібімді ашуды бұрыннан жоспарлаған едім. Сол үшін кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына барып, кәсіпкерліктің негіздерін үйрететін курсқа жазылдым. Осылайша өз жобамды қорғап, 200 АЕК мөлшерінде грант алдым. Ауылда тұрғаннан кейін мал не құс ұстау керек. Мен тауық өсіремін деп шештім», - дейді ауыл тұрғыны.

Тауықтың «Хайсекс уайт» тұқымы – жақсы жұмыртқалайды. Бұл құстар әрі күй талғамайды. Жұмыртқасы да, еті де сұранысқа ие.

«Тауықтарды күтіп-баптауға көп қаражаттың қажеті жоқ. Құсты сатып алмас бұрын қора-қопсыны әзірледім. Қажетті жемазық жеткілікті. Әр істің өз қауіп-қатері бар ғой. Дұрыс күтім болмаса бір күнде қырылып қалуы мүмкін. Сол себепті ветеринарларға тиісті екпелерін де жасаттым. Шаруашылық шағын, әзірге жұмысшы алған жоқпын. Құстарды қарауға отбасы мүшелері көмектеседі», - дейді Нұрболат Нұрманғали.

Үй құстарын өсіруді қолға алғанына Нұрболат өкінген емес. Өніміне сұраныс бар. Ауданға ғана емес, облыс орталығына да жеткізеді. Алайда карантиндік шектеулерге байланысты жұмыртқаны жеткізуде аздаған қиындықтар бар. Салдарынан табысы төмендеген.

«Шаруашылықты үлкейткім келеді. Болашақта инкубаторий ашып, тауықтан басқа қаз-үйректің балапандарын басып шығарып, сататын боламын. Ең бастысы жұмыс істеуге деген ынта болуы қажет», - дейді Меңгесер ауылының тұрғыны.



Соңғы жаңалықтар