СҚО тұрғыны қырғауыл өсіріп, аңшылық туризмді дамытпақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының тұрғыны Андрей Гладков жабайы құстар фермасын ашып, өңірде аңшылық туризмді дамытуға үлесін қоспақ. Тың кәсіпті қолға алған фермерді ҚазАқпарат тілшісі сөзге тартты.

- Жабайы құстар фермасын ашуға не себеп болды?

- Облыста жоқ, елімізде ілуде бір кездесетін кәсіппен айналысқым келді. Жалпы кәсіпкерлікке 2012 жылы бет бұрдым. Сол жылы лизингке «ГАЗель» көлігін алып, жүк тасымалымен айналыса бастадым. Алғашында жақсы табыс таптым, кейін нарықта бәсекелестерім көбейді. Жұмыс істеу қиындай түсті. Сол кезде жаңа бизнес-идея туралы ойлай бастадым. Екі жыл басымды қатырдым. Өйткені жаңа кәсіппен табыс тауып қана қоймай, одан ләззат алғым келді. Осылай ой үстінде жүргенімде маған бір жақсы танысым қырғауыл жұбын сыйға тартты. Басында мән бермедім. Кейін бұл құстарға қызығушылығым оянды. Арнайы әдебиеттер оқыдым, интернетті ақтарып, қажетті мағлұмат алдым. Осылайша жабайы құстар фермасын ашу идеясы туды.

- Қандай жабайы құстар өсіресіздер?

- Әзірше қырғауыл ұстаймыз. Бүгін фермада 250-300 шақты құс бар. Қора-қопсымыз дайын. Жалпы бұл кәсіпте ең қиыны құстарға ыңғайлы вольер салу. Бір құсқа 2 шаршы метр жер қажет. Сондай-ақ, қырғауыл аталығы 4-5 аналығымен бөлек ұстау керек. Вольеріне де қойылатын талаптары көп. Жалпы қырғауылдың санын бастапқыда мыңға жеткізіп, кейін ісіміз оңға басса 2-3 мың қырғауыл ұстамақшымын.

- Қырғауыл құсын күтіп-баптаудың ерекшелігі неде?

- Қырғауылдың бірнеше түрі бар. Мендегі тұқымы аңшылық және румындық деп аталады. Олардың салмағы басқаларына қарағанда үлкен. Әрі әдемі, қауырсынының бояуы қанық келеді. Аталық салмағы 1,8 келіге дейін барады. Сондай-ақ, аса қатты күтімді қажет етпейді. Қыс бойы далада вольерде тұрады. Оларға қатты аяз түк емес, тек желдің өтінде және суда тұрмаса болғаны. Түрлі ауруларға иммунитеті жоғары. Тамақты да талғамайды. Көкөніс, жеміс береміз. Дәнді дақылдарды түрлі дәрумендермен араластырып қоректендіреміз. Шөп, тіпті тартылған ет те береміз, жақсы жейді. Тамағы дұрыс болса тез жетіледі. Әрі жақсы жұмыртқалайды, жылына 50-ге жуық жұмыртқа салады.

- Құстарды қай жақтан сатып әкелдіңіз?

- Ересектерін Ақмола облысынан әкелдім. Ал жұмыртқаларын осы өзіміздің облыста сатып алдым. «Бастау» мемлекеттік бағдарламасының түлегімін. Осы жобамды қорғап, сол жерде берген грантқа инкубатор әкелдім. Қырғауыл жұмыртқаларын сол аппараттың көмегімен бастырып шығардым.

- Қырғауыл етінің емдік қасиеті барын барлығын білеміз. Етіне сұраныс бар ма?

- Қырғауылдың еті тауықтыкіне ұқсас болғанымен, ол сияқты құрғақ емес, дәмді. Гипоаллергенді ет. Құрамында 13 түрлі дәрумен, адам ағзасына қажет барлық минералды заттар бар. Қазір етін сатамыз. Келісі 2,5 мың теңге. Бірақ, жаңадан ашылып жатқандықтан клиенттеріміз көп емес. Үйлерінде өсіру үшін алатындар бар. Болашақта мейрамханалармен байланыс орнатпақшымыз. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз, әрі етті үлкен мөлшерде жеткізуге біздің әзірше қауқарымыз жеткіліксіз.

- Басымдықты ет өндірісіне бермекшісіздер ме?

- Қазір Ресейде аңшылық құруға арналған демалыс орындарына қызығушылық жоғары. Аң аулауға құмар жандар бізде де жетерлік. Аңшылық шаруашылықтарымен бірге болашақта қырғауылға аңға шығуды ұйымдастырғым келеді. Біздің ауданда бұл жобаны жүзеге асыруға болады. Өңірге туристерді тартуға қолайлы, сол Ресейдің аңшылары да бізге көптеп келер еді. Қай істе болмасын ең қиыны бастау ғой. Арманымды жүзеге асыруға, жаңа кәсіпті бастауға қолдау көрсеткен отбасыма ризашылығым шексіз. Олардың сенімі, қолдауы маған күш береді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар