СҚО: Жағарға отыны болмаған зағип жан өз үйінде үсіп қала жаздады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері күннің күрт суытуына байланысты жалғызбасты тұрғындарды бақылауға алды. Нәтижесінде екі бірдей қайғылы оқиғаның алдын алып, зейнеткерлерді ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Аққайың ауданының 57 жастағы тұрғынын өз үйінде тоңып жатқан жерінен учаскелік полиция инспекторы мен ауылдық округ әкімі тауып алған. Анықталғандай, оның жағарға отын-көмірі болмаған. Зағип жан енді аяз сынғанша жергілікті ауруханада болады.

Ал Жамбыл ауданының орталығы Пресновка елдімекенінде 70 жастағы зейнеткер әйел пештің үстіндегі белағаштың бықсып жана бастағанын байқамаған. Үйден қалың түтін шығып жатқанын тәртіп сақшылары бейнебақылау камералары арқылы көріп, дереу өрт сөндіру жасағын жіберген. Абырой болғанда үй иесі зардап шеккен жоқ.

Петропавлда учаскелік полиция инспекторлары аяздың құрсауында қалған жалғызбасты зейнеткерлерді, көпбалалы отбасыларды, тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды анықтау мақсатымен әр үйді аралауда. Қазіргі уақытта қалалық тәртіп сақшылары зейнеткерлер мен мүгедектер тұрып жатқан 100-ден астам баспананы, кәмелетке толмаған балалалары бар тұрмысы төмен 21 отбасын тексерді. Полицейлердің айтуларынша, қызмет атқарудың күшейтілген түрі аяздың беті қайтқанша жалғаспақ.

Соңғы жаңалықтар