СҚО жолдарына патрульдік автокөліктердің макеті қойылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының маңызды тас жолдарында патрульдік машиналардың макеттері пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алыстан патрульдік машинадан аумайтын бұл макеттер жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы макет М.Жұмабаев ауданында республикалық маңызы бар «Челябі-Новосібір» тас жолы бойында қойылды. Көшпелі макеттер трассаның апат жиі болатын қауіпті аймақтарына орнатылады. «Алдын-алу шарасының нәтижесі бар», - дейді тәртіп сақшылары. Көлік жүргізушілері патрульдік машинаны көріп, алыстан жылдамдықты түсіре бастайды екен.

«Тас жолдарда жылдамдықты шектен тыс асыру жиі кездеседі. Оның салдары жол-көлік апатына апарады. Сараптама республикалық маңызы бар жолдарда жол-көлік апатының азайғанын көрсеткенімен, қайғылы жағдайларға жол бермес үшін барлық тиімді іс-шараларды қолдану қажет», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Жыл басынан облыстан өтетін республикалық жолдарда 26 апат тіркеліп, 9 адам қаза тапты, 45-і жарақат алды. Былтыр 38 көлік жол-көлік апатында 26 адам мерт болса, 60-ына дәрігерлердің көмегі қажет болған.

Облыстық патрульдік полиция батальонының 15 экипажы күнделікті 1347 шақырымға созылып жатқан республикалық маңызы бар жолдарда кезекшілік атқарады. Енді оларға жолдағы тәртіпті сақтауға арнайы макеттер көмектеспек.

Соңғы жаңалықтар