Соғыста қаза тапқан қазақстандық үш жауынгердің сүйегі туған елге әкелінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Іздеу тобы жұмысының нәтижесінде Екінші дүниежүзі соғысында қаза тапқан үш қазақстандықтың есімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Украинадағы «Вертикаль» мамандандырылған бірлестігі соғыс жылдарында Украина аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер Қайыржан Тікшекеев, Сеид Тойнашев пен Өксікбай Базарбаевтың сүйегін тапты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің әскери-тарихи мұражайында Қайыржан Тікшекеевтің сүйегін туыстарына тапсыру рәсімі өтті.

Алтыбұрышты медальонға салынған қағаз төсеніш жауынгердің жеке басын анықтауға мүмкіндік берді. Қайыржан Тікшекеев 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында дүниеге келген. Сол жерден ол майданға аттанып, 1941 жылы Киевті қорғау кезінде қайтыс болды.

Барлық әскери рәсімдерді сақтай отырып, мәйіттер жауынгердің немересіне одан әрі қайта жерлеу үшін берілді.

«Украин халқына, «Вертикаль» іздеушілеріне, біздің елшілік пен Қорғаныс министрлігіне пандемияға қарамастан атамның сүйектерін жеткізгені үшін алғысымды білдіргім келеді. Жақында біз туған жерімізге барып, барлық рәсімдерді сақтай отырып, қайта жерлейміз. Маған әлеуметтік желіде хабарласып, атамның соңғы рет шайқасқа қатысқан Киев облысы Макаров ауданының Боровка ауылында табылғанын хабарлады»,-дейді қазақстандық жауынгердің немересі Марат Тікшекеев.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Қайыржан Тікшекеевтің сүйегі 80 жылға жуық уақыттан кейін табылып, туған елінде қайта жерленетінін жазған болатынбыз.

Ал, қаза тапқан тағы бір жауынгер Сейд Тойнашев 1922 жылы дүниеге келген. Жауынгер Маңғыстау облысында қайта жерленеді.

Қазіргі уақытта Украина тарапынан 1913 жылы туған гвардия атқыштар взводының командирі лейтенант Өксікбай Базарбаевтың сүйектерін тапсыруда көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстандық іздеушілердің іздеу-экспедициялық және мұрағаттық қызметі шетелдік әріптестермен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі. Ол сұрапыл соғыста қаза тауып, хабарсыз кеткендердің есімін мәңгі есте сақтауда бірігуге сеп болуда.


Соңғы жаңалықтар