Солтүстік Қазақстанда карантин кезінде ажырасу күрт азайған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай кезінде ажырасу күрт азайып, шетелдікке күйеуге шыққандар саны артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әділет департаментінің мәліметінше, өңірде жыл басынан 808 жұп некесін заңдастырған. Оның 75-інде солтүстікқазақстандықтар шетелдіктермен шаңырақ көтерді.

«Былтыр осы аралықта 1 мың 29 неке қиылды. Оның қырығы шетелдікпен некеге отырды. Биыл жалпы некеге отырушылардың азаюына карантин шектеулері себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ былтыр 677 жұп некесін бұзса, биыл жыл басынан 15 мамырға дейін 384 отбасы ажырасуға өтініш берді», - дейді СҚО әділет департаментінің бөлім жетекшісі Татьяна Горичева.

Ал 1 сәуір мен 15 мамыр аралығында 130 жұп некесін заңдастыру үшін онлайн өтініш берген. Осы уақытта 22 отбасы ажырасып кетті. 2019 жылы осы аралықта 243 шаңырақ бұзылған.

Петропавл қаласының Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі төтенше жағдай кезінде 600-ден астам электронды өтініш қабылдаған.

Бөлім жетекшісі Баян Ахметованың айтуынша, мамандар баланың тууын, неке қию, ажырасу, қайтыс болуды онлайн тіркеп отырды. Осы аралықта 188 жұп некесін тіркесе, 31-і неке қиюға өтініш берген. Сондай-ақ өмірге келген 295 сәби тіркелді. Енді тұрғындар санитарлық нормаларды сақтай отырып, дайын құжаттарды келіп әкете алады.



Соңғы жаңалықтар