Солтүстік Қазақстанда күздік дақыл орағы аяқталуға жақын

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бір аудан қара бидай орағын аяқтаса, алты ауданда бұл науқан соңына жақындаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл СҚО-да 4 млн астам га-ға дәнді дақыл егілсе, оның 5 мың гектардан астамы – күздік және қара бидай. Бір апта бұрын өңірде егін орағы басталып, бүгінде күздік дақылдың 2,4 мың тоннасы жинап алынды.

«Мамлют ауданында күздік дақыл жинап алынды. Қазір алты ауданда орақ жүріп жатыр. Ауа райы мүмкіндік берсе, аптаның соңына дейін жинап алады. Қазір диқандар орта есеппен гектарынан 27,6 центнерден өнім алып жатыр», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Бақтияр Тоқжігітов.

Қазір жиым-терімнен бөлек диқандар егіс алқаптарына минералды тыңайтқыш сеуіп, зиянкестермен күрес жүргізіп жатыр.

«3,5 млн-ға жуық гектардың арамшөбі жойылды. Қазір түрлі өсімдік ауруларына қарсы дәрілеу жұмысы жүргізілуде. Бидайда көбіне «тат», «трипс» аурулары кездеседі, майлы дақылдарға «орамжапырақ көбелегі» зиян келтіруде», - дейді Бақтияр Тоқжігітов.

Бүгінге дейін облыс алқаптарында арамшөп пен зиянкестерге қарсы 4 мың литр препарат қолданылды.

Бұған дейін СҚО-да алқаптарды химиялық өңдеуге былтырғыдан 4 млрд теңгеге артық субсидия берілетінін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар