Солтүстік Қазақстанда пара алған полицей үшін бастығы жұмыстан кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пара алды деп күдікке іліккен Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторы жұмысынан шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, пара алған күдікті Мағжан Жұмабаев ауданының полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінде учаскелік инспектор болып қызмет атқарған.

11 тамыз күні полицияның аға лейтенантын Петропавл тұрғынынан пара алып жатқан жерінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің қызметкерлері ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмағаны үшін 150 мың теңгені қалтасына баспақ болыпты.

СҚО ПД Тәртіптік комиссиясының шешімімен полиция инспекторы теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылып, арнайы атағынан айырылды. Оның тікелей басшысы – аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ, полиция бөлімі мен облыстық аппараттың 11 басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Карантин уақытында әріптестері міндеттерін адал атқарып жүргенде, жас офицер өз іс-әрекетімен қызметке кір келтірді. Көптеген адам бірнеше ай бойы жұмыссыз отыр және бұл факті халық арасында теріс ой қалыптастырады. Дәл осындай жаза қандай атақ пен лауазым иесі болмасын кез-келген жемқорға қолданылады. Әр қызметкерді бұйрықпен таныстырып, мұндай жағдайды жариялап отыру керек», - деді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.

Facebook әлеуметтік желісінде Марат Төлебаевтың жеке парақшасы бар. Ол арқылы облыстық полиция ведомствосының бастығы ашық диалогқа шығуға дайын. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі СҚО ПД-ның аккаунттарында ведомствоның Өзіндік қауіпсіздік басқармасының сенім телефондары (61-26-89, 8-700-161-26-89 WhatsApp) көрсетілген. Тұрғындар осы телефон нөмірлері арқылы полиция қызметкерлерінің заңға қайшы іс-әрекеттері туралы хабарлай алады.


Соңғы жаңалықтар