Солтүстік Қазақстанда тағы құс тұмауы тіркелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тағы да құс тұмауы тіркелді. Бұл жолы Тимирязев ауданының Дружба елді мекенінде екі жүзден астам үй құсы қырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, ауру ошағы Тимирязев ауданы Интернационал ауылдық округіне қарасты Дружба елді мекенінде тіркелді. Осындағы 4 үйдің 228 құсы, соның ішінде 174 тауық, 21 қаз және 33 күрке тауық қырылып қалған.

«Құстарда ауруға тән белгілері болды. Яғни дұрыс жүре алмай, бастарын артқа шалқайта берді. Дене қызуы көтеріліп, айдарлары көгерді. Тұмсықтарынан қан кетті. Диагнозды растау үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық референттік орталыққа патологиялық материал сараптамаға жіберілді. Нәтижесінде құс тұмауы диагнозы қойылды. Ауру жайылмас үшін құстардың 230 өлексесі мал қорымында өртелді. Ауру қоздырғыштарын жою мақсатында құс иелерінің қора-қопсылары, үйлердің ауласы зарарсыздандырылды», - дейді ветеринарлар.

Дружба елді мекенінде 88 үй түтін түтетіп отыр. Олардың 1700-ден астам құсы бар.

«Құс тұмауы дала құстарынан жұққан. Ауру анықталған үйлердің барлық құстары жойылды. Аз ғана құс қырылғандықтан бір ғана үй карантинге алынды. Мониторинг күнделікті жүргізіледі. Барлық тиісті шаралар жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде 1600 құсқа вакцина салынды. Жылдың бірінші жарты жылдығында 600 басқа екпе егілген еді», - дейді облыс ветеринарлары.

Өткен айда М.Жұмабаев ауданының Лебяжье ауылында да құс тұмауы тіркеліп, мыңнан астам үй құсы қырылған еді. Ол жолы елді мекен толықтай карантинге жабылды.


Соңғы жаңалықтар