Солтүстікқазақстандық шебер көне кемелердің шағын үлгілерін жасайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстіқазақстандық Юрий Попов көне кемелердің бірнеше есе кішірейтілген үлгілерін жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш діңгекті желкенді кемені жасауға Юрий Попов ең кемі екі ай уақытын сарп етеді. Сүйікті ісімен шебер мектептегі негізгі жұмысынан бос уақытта айналысады екен. Негізгі мамандығы - музыкант, көптеген музыкалық аспаптарда ойнайды, ән айтады. Алайда, қазір аудандық мектепте электр қондырғылар бойынша инженер болып еңбек етіп жүр.

Оның кеме модельдеу ісімен айналыса бастағанына небары 3 жыл. Бұл іске қызығушылығы досы сыйлаған кемелер туралы кітаптан басталыпты. Сондағы кеме суреттерінің ұнағаны сондай, өзі істеп көрмек болады.

«Қолөнерге бұрыннан жақынмын. Бұған дейін пышақтар істеумен айналыстым. Тері өңдеген кездерім болды. Кеме үлгілерін жасау да қолымнан келеді екен. Көпшілік айнытпай жасауға тырысады ғой, мен керісінше, ой-қиялыма ерік берем. Мәселен, бриг кемесі негізінде екі діңгекті боп келеді. Мен үш діңгекті етіп жасаймын, өйткені, осылай әдемі көрінеді», - дейді Юрий Попов.

Желкенді флот дәуірінде мұндай 12-16 адамдық бригтер негізінен барлаушы мақсатында көпес кемелерінің жанында жүзген. Шебердің айтуынша, бұйым ұқсауы үшін оны алдын ала зерттеп, тарихын білген дұрыс. Өйткені, мұндай заттарды жасағанда ұсақ-түйек бөлшектеріне аса мән беріледі.

«Бригтің ұзындығы - 70 см, биіктігі шамамен 80 см. Кемені жасауда жұқа ағаш пен тек желімді ғана қолданамын. Сол себепті бұйым жеп-жеңіл. Сатысы, діңгектері, шпилі, штурвалы, тіпті, зеңбіректері де бар. Бірақ, дәлме-дәл жасалған деп айта алмаймын. Дайын үлгімен істеуге болады, бірақ ол мені қызықтырмайды. Әрі, оған өте ұзақ уақыт кетеді», - дейді шебер.

Қажетті ақпаратты Юрий Николаевич негізінен интернеттен алады. Үш жылдың ішінде ол осындай кемелердің 5-еуін жасапты.

Соңғы жаңалықтар