Соңғы үш жылда елімізде ветпрепараттардың жартысы импортталған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ветеринария туралы» Заң қабылданған кезден бастап бүгінгі күнге дейін ветеринария жүйесі жылдан-жылға өзгерістерге ұшырауда. Бұл туралы Сенаттағы парламенттік тыңдауда депутат Мұхтар Жұмағазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырған. Бұл салада қордаланған мәселелер аз емес. Мысалы, 2002 жылы «Ветеринария туралы» Заң қабылданған кезден бастап бүгінгі күнге дейін ветеринария жүйесі жылдан-жылға өзгерістерге ұшырауда. Алайда, айтарлықтай өзгерістер байқалады деп айту қиын. Оның үстіне, қазіргі заманауи ғылыми және технологиялық жетістіктерден артта қалуы себебінен күрделене түсті. Сондықтан, ветеринария саласында үдерістерді цифрландыру, мәліметті жинау әрі оны автоматтандыру, кадрларды даярлау және олардың жалақысын арттыру өзекті мәселелердің бірі», - деді М. Жұмағазиев «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Осы орайда ол ветеринариялық қауіпсіздігне тоқтала келе, ауыл шаруашылығы жануарларын емдеу, болжау және алдын алу әдістемелерін жетілдіру керек екенін айтты.

Сенатордың пайымынша, ауыл шаруашылығы жануарларын диагностикалау әрі емдеуге арналған ветеринариялық препараттардың сапасы мен қолжетімділігін ұйымдастыру және отандық препараттар үлесін арттыруды қарастыру маңызды.

«Мәселен, соңғы үш жылда 21,7 млрд теңгеге ветпрепараттар сатып алынған, соның ішінде 49% отандық өнім болса, қалғаны импортталған. Сондықтан отандық ветпрепараттардың сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен отандық тауар өндірушілер арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу және бірінші кезекте сатып алуды тек отандық өндірушілер арасында өткізу керек. Аса қауіпті аурулар бойынша бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қажет», - деді Мұхтар Жұмағазиев.


Соңғы жаңалықтар