Соңғы жылдары құтқарушылардың жабдықтарына 33 млрд теңге жұмсалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр қолданыстағы өрт-құтқару техникасы мен өрт-техникалық жабдықтарды жаңғырту шараларын қайта қарауға қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018-2020 жылдарға арналған азаматтық қорғау бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыру туралы» жол картасына сәйкес, жалпы сомасы 33,4 млрд теңгеге түрлі мақсаттағы 597 дана техника, 22 мыңнан астам өрт-құтқару жабдықтары сатып алынды. 2021-2023 жылдарға арналған тиісті жол картасында жалпы сомасы 47,9 млрд теңгеге 731 өрт-құтқару техникасын, 21362 өрт-техникалық және апаттық-құтқару жабдықтарын және 9492 арнайы жабдық сатып алу көзделген», - деп жазды Роман Скляр өз жауабында.

Оның айтуынша, аталған жол картасын іске асыру өрт-құтқару бөлімшелерінің техникалық жарақтану деңгейін 18%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Биыл жергілікті атқарушы органдар жалпы сомасы 8,7 млрд теңгеге түрлі мақсаттағы 192 автотехника мен 1543 жабдық сатып алуды жоспарлады.

«Республикалық бюджеттік комиссия 2022 жылы республикалық бюджеттен 39 дана өрт техникасын сатып алу үшін 2,1 млрд теңге қаражат бөлуді қолдады. Бұдан басқа, биыл 24 қыркүйекте Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысында Мемлекет басшысы «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын мақұлдады. Соның шеңберінде 2025 жылға дейін халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының дайындық деңгейін арттыру, оның ішінде өрт деполары мен өртке қарсы құрылымдар құру, әуе кемелерін сатып алу, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін жарақтандыру шаралары көзделген», - деді Р. Скляр.


Соңғы жаңалықтар