Сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты арыз азаймай тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты арыз азаймай тұр. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атқарушылық іс жүргізу сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан заңдарға және басқа шараларға қарамастан, жеке сот орындаушылардың әрекеттеріне шағымдардың саны азаймай отыр. Жоғарғы соттың ақпаратына сәйкес соңғы 3 жылда сотқа берілген шағымдардың саны 10 мыңнан астам болды. Бұл - уәкілетті органның атына түсіп жатқан шағымдарды есепке алмағандағы көрсеткіш», - деді ол бүгін Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында.

Сонымен қатар ол депутаттардың атына да тұрақты негізде шағымдар түсіп жатқанын айтты.

«Шағымдардың басым бөлігі атқарушы құжаттарының ұзақ уақыт бойы негізсіз орындалмауы, соның ішінде сот орындаушыларымен іс бойынша тиісті мәжбүрлеу шараларын қабылдамауына қатысты. Статистика бойынша соттарға түскен әкімшілік талап арыздарының жалпы санының арасында ең көбі – сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты істер бойынша болып отыр. Соңғы 9 ай ішінде тұтастай алғанда, республикада 6 мыңнан астам талап арыз түскен», - деді Балайым Кесебаева.

Оның атап өтуінше, шағымдардың көптігі борышкерлердің сот шешімдерінің орындалуын созу мақсатында мұндай шағымдарды қасақана беруіне де байланысты болып отыр.

«Борышкердің мұндай әрекеттері екінші тарап құқықтарының бұзылуына алып келеді. Біздің мақсатымыз - заң шығару субъектісі ретінде осындай проблемаларды анықтау және шешу», - деді вице-спикер.


Соңғы жаңалықтар