Созақ полицейлері жолда адасып, көлігі батпаққа батқан шетел азаматтарына көмектесті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Созақ ауданының полицейлері көлігімен батпаққа батып, адасып қалған шетел азаматтарына көмектесті. Бұл жөнінде өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Созақ АПБ қызметкерлері шалғай ауылда адасып қалған Тәжікстан Республикасының 4 азаматына көмек қолын созды.

«102» телефонына белгісіз біреу хабарласып, тәжікстандық жігіттер жолда адасып, көлігі батпаққа батқанын, көліктің жанармайы таусылғанын айтып, көмек сұрайды. Келіп түскен ақпарат бойынша, Созақ АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Дидар Утешов, полиция капитаны Самат Нұрғалиев, полиция аға-лейтенанты Жанболат Ордабектер тез арада хабарлама түскен аймаққа аттанады. Осылайша тәжірибелі полицейлер 5 сағат ішінде жеке көлігімен адасып қалған тәжік жігіттерін тауып, көлікті арнайы құралдар арқылы тығылған батпақтан шығарып алады. Одан соң 12 сағаттай далада жүрген азаматтарды аман-есен ауруханаға жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті» делінген хабарламада.

Полицейлердің анықтауынша, көмек сұраған жігіттердің Ресейде жұмыс істеп, еліне қайтып келе жатқан беті екен. Қай жерде келе жатқанын көрсетіп отыратын навигатор құрылғысына сеніп, салдарынан адасқан азаматтардың бір сәтте көлігінің жанармайы таусылады, содан соң жығылғанға жұдырық дегендей көлігі батпаққа батып кетеді. Тіпті желі де жоғалып, тірі жанмен байланысу мүмкін болмай қалады.

Осы сәтте 4 жігіттің екеуі көмектесетін адам іздеп, жаяу жолға шығады. 75 шақырым жаяу жүрген азаматтарды вахталық әдіспен жұмыс істейтін жергілікті жұмысшылар кездестіріп, дереу полицияға хабар берген. Ал полицейлер адасқан жігіттер мен көлікті тауып, кәсіби шеберлігін көрсетті.

Өз кезегінде Тәжікстан азаматтары созақтық полицейлерге алғысын жаудырды.

«Полицейлердің арқасында аман қалдық. Айдалада көлік жүрмейді, ас-суымыз жоқ, тіпті ұялы телефон байланысы жоқ жерде қалып кеттік. Үмітіміз үзілгендей болып еді. Бізді тауып алып, көмек көрсеткендеріне рахмет. Өз ісінің нағыз мамандары екен. Нағыз бауыр ретінде көмек қолын созды, ризамыз», -деп олар ризашылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар