Спортшыларға олимпиада қалашығынан шығуға тыйым салынған - Елсияр Қанағатов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - XXXII Жазғы Олимпиада ойындары алауының тұтануына бір апта ғана уақыт қалды. Қазақстан ұлттық құрамасының алғашқы легі Жапонияға аттанып кеткенін хабарлаған болатынбыз. Қазақ спортшыларын Токиода ҚР Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов күтіп алады.Бұл туралы Қанағатов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында атап өтті.

- Елсияр Баймұхамбетұлы, спортшылардан бұрын Токиоға барып, дайындық жұмысын жүргізіп жатқаныңызды естідік. Жалпы, спортшыларды күтіп алу мәселесі қалай болып жатыр?

- Иә, мен қазір Токио қаласындамын. Орынбасарым Аслан Аманов екеуміз алдын ала келіп, Олимпиадаға келетін спортшыларымызды күтіп алуға қызу дайындық үстіндеміз. Күнде ұйымдастыру комитетінің жиындарына қатысып, сұрақтарымызға жауап алып, ұсыныстарымызды айтып, Қазақстан спортшыларына бүкіл жағдайды жасауға күш салып жатырмыз.

- Олимпиада қалашығы спортшыларды күтіп алуға қаншалықты дайын?

- Бұрынғы Олимпиадалардан артық болмаса, кем ештеңесі жоқ. Жапон халқын білесіздер, өте тәртіпті, әр іске ұқыпты жауапкершілікпен қарайды. Ұйымдастыру жағынан біз кемшілік байқап жатқан жоқпыз. Сондақтан олимпиадалық қалашық әр елден келген барлық олимпиадашыларды күтіп алуға дайын.

Тіпті, кейбір елдің спортшылары келіп те алыпты. Қалыпты режимде осында жаттығып жатыр. Біздің де спортшылар келгенде қалашықтағы белгіленген орында еркін демалып, алаңсыз жарысқа дайындалатын болады.

- Қазақ спортшылары орналасатын мекенжай, жатын орындары туралы айта кетсеңіз...

- Қазақ елінен келетін спортшылар олимпиадалық қалашықтың ең ыңғайлы жеріндегі қонақ үйге орналасады. Барлығын көзбен көріп, қолмен ұстап, қабылдап алдық. Қазір тұтас делегацияның ойындар кезінде тұратын бөлмелерін, тұрмыстық заттарын қабылдап алдық.

Негізінен, спортшыларымыз бір орындық, екі орындық бөлмелерде жатады. Бапкерлер де солай. Жалпы, өте қолайлы жерден орын бұйырды. Көлік те қасымызда. Тамақтанатын орындар да ыңғайлы жерде орналасқан екен.

Спортшыларға берілетін тағам түрлерімен де таныстық. Қой еті мен сиыр етінен дайындалатын тағамдары қатты ұнады. Біз етсіз, сорпа-сусыз жүре алмайтын халықпыз ғой. Тамақ жағынан еш алаңдаудың қажеті жоқ екен.

- Жапон билігі олимпиадашыларға қазіргі әлемді алаңдатып отырған пандемияға байланысты қандай шектеу, талаптар қойып отыр?

- Жапондар - тәртіпті жоғары бағалайтын ел. Ең бастысы, бетпердемен жүру міндет. Барлық жерде санитарлық талаптарға сай тазалықты, тәртіпті сақтау керек. Спортшыларға қаланы еркін аралап қыдыруға қатаң тыйым салынған. Олимпиадалық қалашықтан шығуға болмайды.

Тек, белгіленген орындарда ғана жүріп-тұруға рұқсат етілген. Бізге бұл ережелер толығымен айтылды. Біз оны барлық бапкерлер мен спортшыларға түсіндірдік, жеткіздік, айттық. Кімде-кім ережені бұзса, қатаң жазаланады.

- Биылғы Олимпиада ойындары несімен есте қалуы мүмкін?

- Оны алдағы уақыт көрсетеді. Жалпы, есте қалатын қызығы мол Олимпиада болатынына күмәнім жоқ.

- Спортшыларға Токио төрінен қанша медаль алу міндеті қойылып отыр?

- Жалпы, спортшылардың дайындығы өте жақсы. Жүлдеге таласатын спортшыларымыз көп. Жүлдеден үмітті спортшыларымыздан бөлек, біз күтпеген медальдар болуы да мүмкін.

Олимпиадашыларымыз алғашқы ойындардан жоғары нәтижеге қол жеткізуге тырысады. Әзірге медаль саны туралы болжам жасамайық. Тек спортшыларға қолдау көрсетіп, жанкүйер болайық.

-Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар