«Спутник Лайт» вакцинасының ерекшелігі неде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда уақытша тіркелген «Спутник Лайт» вакцинасы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда «Спутник Лайт» вакцинасы уақытша тіркелді. «Спутник Лайт» - «Спутник V» сияқты вакцина, бірақ тек бірінші дозасы. «Спутник лайттың» сипаттамасы қандай: ол 80% тиімділік көрсетті және екпеден кейінгі иммунитеттің ұзақтығы 6 айға дейін ғана сақталады. Қазір «Спутник Лайтты» халықтың таңдауына қарай қолдану жоспарланған – кім екі вакцина алғысы келмейді және оның қысқа иммунитетіне келіседі, сол азаматтарға «Спутник Лайт» егіледі», - деді А. Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Спикердің айтуынша «Спутник Лайт» қажеттілік туындаған жағдайда қайта вакциналауға да пайдаланылуы мүмкін.

«Әзірге біз ревакцинация мәселесін көтермедік, ДДСҰ да ревакцинация қажеттілігі туралы айтпады. Бірақ алдағы уақытта қандай да бір жаңа деректер, ревакцинация жүргізу қажеттігі туралы зерттеу нәтижелері пайда болса, «Спутник Лайт» ревакцинация үшін де пайдаланылуы мүмкін», - дейді А. Есмағамбетова.

Еске сала кетсек, 2021 жылы 12 шілдеде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ресейлік «Спутник Лайт» вакцинасына уақытша тіркеу куәлігін берді.



Соңғы жаңалықтар