«Спутник-V» вакцинасы трансгенді адамдардың жаңа түрін жасайды» - ақпарат фейк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар COVID-19-ға қарсы «Спутник-V» вакцинасы адам геномын өзгертуге қабілетті екендігі туралы айтылған видеоны талқылауда. Онда ресейлік тележүргізуші Мария Шукшина мен профессор Павел Воробьев осындай қорытындыға келеді. Бұл – ғылымға қарсы.

Әйгілі ресейлік киноактриса және тележүргізуші Мария Шукшина COVID-19 туралы бұған дейін де бірнеше рет жалған ақпарат таратқан еді. Ол «вакцина әулиелердің болашаққа жасаған болжамында айтылып кеткенін» алға тартып, екпе жасатпайтынын айтты. Сондай-ақ пандемия – бұл «Ресей Федерациясына қарсы жарияланған соғыс» деп мәлімдеген.

Профессор Павел Воробьев те КВИ пандемиясы жоқ, ал ауру – «жергілікті індет» деп бірнеше рет даулы ойларын ортаға салған болатын.

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде бір-бірімен бөлісіп жатқан видеода актриса мен профессор COVID-19-ға қарсы ресейлік «Спутник-V» вакцинасын талқылауда. Воробьев өз сөзінде препараттың әсер ету механизмін сипаттайды, содан кейін оның адам геномын өзгерту қабілетіне ие болуы мүмкіндігін айтады.

Stopfake.kz сайтының жазуынша, шын мәнінде, бұл вакцинаның мұндай қасиеттері жоқ және болуы мүмкін емес.

««Спутник-V» – аденовирустық вектор негізінде әзірленген препарат. Оны жасау үшін мРНҚ немесе ДНҚ платформалары қолданылмаған.

Аденовирустық вакциналар жаңа шыққан дүние емес. Бұған дейін «Спутник-V» әзірлеушілері осы технологияны қолдана отырып, Эбола безгегіне қарсы препарат жасаған.
Мұндай вакциналардың жұмыс істеу принципі Sputnikvaccine.com ресми сайтында егжей-тегжейлі сипатталған.

Сонымен қатар, «Спутник-V» препараты клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп, қауіпсіздік пен тиімділіктің жоғары деңгейлерін көрсетті. Вакцина сыналған жануарларда да, оны қабылдаған еріктілерде де геномдық өзгерістер тіркелген жоқ», - делінген stopfake.kz сайтында.

Айта кетейік, бұған дейін интернетте матрицалық РНҚ негізінде жасалғандықтан Pfizer және Moderna вакциналары адамның ДНҚ өзгерте алатындығы туралы жалған ақпарат кеңінен тараған болатын. Мамандар мен фактчекерлер бұл қауесеттерді жоққа шығарды .


Соңғы жаңалықтар