Стати ісі Қазақстаннан ақша өндіріп алғысы келетіндерге сабақ болады - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әділет министрі Марат Бекетаев «Стати ісін жалғастырудың маңызы бар ма?» деушілерге «Жалғастыру керек» деп жауап беретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Стати ісі бойынша сот ісі әлі біткен жоқ. Голландияда ғана емес, Статидің ақша өндіріп алу туралы әртүрлі процестері жалғасуда. Амстердамдағы шешімге келер болсақ, сот кеше тиісті шешім шығарды. Сотқа бірнеше сұрақ қойылды. Кейбір шешім Қазақстанның пайдасына, кейбір шешім Статидің пайдасына шешілді. Бұл шешім – ақша өндіру процесіне алып келмейтінін бірден айтқым келеді. Яғни, Голландияда бұғатталған мүлікті бұл шешімнің негізінде сату мүмкін емес. Ол үшін алдағы процесссуалдық шешімдер керек», - деді Марат Бекетаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша көп адам қазір «Стати ісін жалғастырудың маңызы бар ма?» деген сұрақ қойып жатқанын айтты.

«Менің жауабым – жалғастыру керек! Өйткені бұл мәселе бір істің айналасындағы проблема емес. Бұл – Қазақстанның мүліктерін қорғаудың шарттарын қалыптастыру ісі. Жақсы үлгі ұлттық қор бойынша Лондонда қалыптасты. Лондон соты ұлттық қорға ешкім қол сұға алмайтыны туралы шешім қабылдады. Мұндай шешімді швед соты да қабылдап, ұлттық қордың дербес иммунитеті барын мойындады. Бұл істің шешімі бір ғана істі реттеп қоймай, Қазақстаннан бірдеңе өндіріп алуды көздейтін адамдарға да сабақ болады», - деді ол.

Еске салсақ, осы жылдың маусым айында швед соты Статиге қарсы істе Қазақстан тарапының пайдасына шешім шығарған еді.


Соңғы жаңалықтар