Студенттер, медқызметкерлер: Атырау облысында коронавирустың жаңадан 6 жағдайы анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында коронавирус індетіне шалдығудың жаңадан 6 оқиғасы тіркелді. Барлығы өңірде 12 науқас анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, соңғы анықталған 6 науқастың екеуі – 25 және 50 жастағы әйел адамдар. Олар 21 наурыз күні «Нұр-Сұлтан-Атырау» бағытындағы пойызбен келген. Айта кетейік, осы пойызбен коронавирус инфекциясы анықталған бойжеткен де келген болатын. Ол 27 наурызда ауруханаға жатқызылды.

Тағы екі адам - «Алматы-Атырау» авиарейсімен келген 14 жастағы қыз баламен байланыста болғандар. Олар – 21 жастағы қыз бен жігіт, екеуі де студенттер.

Соңғы екі адам – Атырау қалалық №3 емханасының медицина мамандары. 46 және 47 жастағы қызметкерлер індетті жұқтырған әйел адаммен байланыста болған.

«Қазіргі уақытта науқастар оқшауланды және емдерін қабылдауда. Олармен қарым-қатынас жасаған адамдарды іздестіру жұмыстары жүргізілуде», - деді басқармадан.


Соңғы жаңалықтар