Су тасқыны болған елдімекендерде малдың өлексесін жейтін шибөрілер көбейген

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданындағы топан су басқан елдімекендерде балық аулауға тыйым салынды. Бұл туралы Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шәкен Боранбайдың айтуынша, балықтың жаппай қырылуын болдырмау және оларды құтқару мақсатында сарқынды суды каналдарға қуу жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде мамандар 8767 текше метр суды каналдарға жіберіп үлгерген. Бүгінде облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары су басқан ауылдарда тәулік бойы жұмыс істеуде. Басты мақсат – тұрғындардың балық аулауына тыйым салып, улану фактілерінің алдын алу болып отыр.

«Біз 12 мамыр күні су басқан елдімекендердегі балықтардың жарамдылығын анықтау мақсатында 3 дана сазанды ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясы зертханасына жолдадық. Бұдан бөлек, 3 дана сазан мен 1 дана дөңмаңдай балығын Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалау басқармасына да жөнелттік. Сараптама қорытындысы алдағы аптада дайын болады. Соған дейін тұрғындардың сарқынды судан балық аулауына тыйым салынады», - дейді Шәкен Боранбай.

Сонымен қатар апат болған аймақта үй жануарларының өлексесі көбеюіне байланысты шибөрілердің саны көбейген. Осыған орай ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 5 желтоқсандағы «Жануарлардың санын реттеу қағидаларын бекіту туралы» №480 бұйрығына сәйкес тегіс ұңғылы 12 калибрлі аңшы қаруы әзірленіп, 45 мың теңгеге 300 дана оқ-дәрі сатып алынған. Қазіргі уақытта осы ауылдардағы шибөрінің санын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Олжаланған шибөрілер аудандық ветеринария бөлімшесіне өткізілетін болады.


Соңғы жаңалықтар