Суармалы жерлерді айналымға енгізу қандай экономикалық әсер береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,5 млн гектар суармалы жер бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,5 млн гектар суармалы жер бар. Олардың басым бөлігі оңтүстік облыстарға тиесілі. Өткен жылы сол жерлерді суару үшін 12,3 млрд текше метр су жұмсалды. Бұл еліміз бойынша тұтынатын судың 67 пайызын құрайды. 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев суармалы жердің көлемін 2 млн гектарға дейін ұлғайтуды тапсырған болатын. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 3 млн гектарға жеткізсін деп тапсырды. Бұл бүкіләлемдік тенденцияға сәйкес келіп тұр. Бәрімізге мәлім, суармалы жерлерден шығатын өнімнің көлемі суарылмайтын жерлермен салыстырғанда орташа есеппен 2 есе жоғары», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 50 жылда әлемде суармалы жерлердің көлемі 2,2 есеге артты. Осының арқасында осы жерлерде гектардан алынатын өнім 40 пайызға өсті. Азиялық аймақта бұл көрсеткіш елеулі көтерілді. Әсіресе Қытай мен Үндістанның үлесі басым болып тұр. Біріккен Ұлттар ұйымының мәліметі бойынша, 2050 жылға қарай әлемде суармалы жерлердің көлемі 6 пайызға өсіп, жердің өнімділігі 38 пайызға артады.

«Сумен қамтамасыз етуді арттыру және қалпына келтіру үшін Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстары бойынша көлемі 492 мың гектар суармалы жерлерде тиісті жобалар іске асырылуда. Олар қаржыландыру көздеріне байланысты 4 бағытқа бөлінген. Жалпы сомасы 274 млрд теңгені құрайды. 2020-2022 жылдар аралығында 6 785 шақырым канал, 4 су қоймасы, 4 су торабы, 239 дренаж ұңғымасы және 23 мың өзге де су шаруашылық нысандары салынып, әрі қайта жаңартылады», - деді М. Мырзағалиев.

Осы орайда ол барлығы 88 мың жұмыс орыны құрылатынын, соның ішінде 11 мың жұмыс орны құрылыс кезінде пайда болатынын айтты.

«Бұдан басқа, бұл құрылыс материалдарын өндіру, технологиялық жабдықтар мен техниканы жеткізу бойынша аралас салалардың жұмысын жандандыруға қосымша мүмкіндік береді. Ең бастысы, қалпына келтірілген суармалы жерлерді айналымға енгізу барысы ауыл шаруашылығында 77 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.Осы жерлердегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі жылына 165 млрд теңгені құрайды. Ол өз кезегінде сауда, өнімді қайта өңдеу, мал шаруашылығы салаларында одан әрі мультипликативтік әсер етеді. Жобаларды іске асыру үшін халықаралық қаржы институттарынан да, республикалық бюджеттен де қаражат жұмсалады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар