Субсидиялау жүйесі ірі агроқұрылымдардың игілігі үшін жұмыс істеп тұр - Мұхтар Жұмағазиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Субсидиялаудың қолданыстағы жүйесі ірі агроқұрылымдардың игілігі үшін жұмыс істейтіні байқалады. Бұл туралы Сенаттағы парламенттік тыңдауда депутат Мұхтар Жұмағазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, аграрлық секторды субсидиялау тетіктері қайта қарауды және тұрақтандыруды талап етеді. Субсидияларды ресімдеу тәртібі түсінікті әрі ашық, шағын және орта, соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарға қолжетімді болуы тиіс. Алайда, шағын шаруашылықтар барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 70%-ын өндіретіне қарамастан, субсидиялаудың қолданыстағы жүйесі ірі агроқұрылымдардың игілігі үшін жұмыс істейтіні байқалады», - деді М. Жұмағазиев «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Жоғарыда айтылған аса өзекті мәселелерге байланысты мына ұсыныстар жасалды:

- Меншік нысанына қарамастан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды қолданыстағы субсидиялаудың негізгі тетіктеріне қосу;

- Алдағы уақытта субсидиялаудан арзан және ұзақ мерзімді кредиттеуге біртіндеп көшу мәселесін қарастыру;

- Әр өңір бойынша табиғи-климаттық ерекшеліктеріне қарай сараланған субсидиялауды енгізу;

- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің субсидияларды пайдалану тиімділігін бағалау тетігін жетілдіру.

«Қазіргі уақытта Сенат комитеті бірқатар заң жобасына бастамашылық ету бойынша жұмыс жүргізуде. Мәселен, «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заң жобасы осы саладағы заңнаманы жетілдіру, халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру мақсатында әзірленді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жайылым ресурстарын басқарудың институционалдық және экономикалық негіздерін жетілдіруге бағытталған», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мұхтар Жұмағазиев жеке көтерме-тарату орталықтары өз жұмысы барысында бірқатар қиыншылықтарға тап болғанын айтты.



Соңғы жаңалықтар