Суицидпен күреске барлық сала атсалысуы керек - Зәуреш Аманжолова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова Президент Жолдауында айтылғандай, суицид кеселіне қарсы күреске тиісті саланың барлығы жұмылуы керектігін айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауы біршама әлеуметтік мәселелерді қамтыды. Зейнеткерлік, медицина, білім, мәдениет саласының өзекті проблемалары қаузалды. Президент медицина жайлы айта келе салауатты өмір салтын сақтауға барынша маңыз беріп отыр. Барша халықты бұқаралық спортпен айналысуға шақырды. 2020 жылдан бастап еліміз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі отыр. Оған қажетті қаражат бөлінген. Ендігі міндет – осы қаражатты тиімді пайдаланып, медицина сапасын арттыру. Осы арқылы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырған абзал. Жоғары технологиялы медицинаны халыққа жеткізу де өте өзекті», - деді Зәуреш Аманжолова Парламенттің бірлескен отырысынан кейін тілшілердің сауалдарына жауап бере отырып.
Мәжіліс депутаты сонымен бірге Президент жасөспірімдер арасындағы суицидке тоқталғанын да еске салды.
«Мемлекет басшысы сол үшін жекелеген мемлекеттік бағдарлама жасалуы керектігін айтып өтті. Себебі, суицидке тек медицина ғана жауапты емес. Сондықтан оған жан-жақты салалар бір кісідей атсалысуы керек. Оның ішінде педагогика саласы, білім мен мәдениет, сондай-ақ ішкі істер министрлігі, ата-аналар, отбасылар осы кеселге қарсы жұмылуы тиіс. Яғни, отбасының мәртебесін, институтын қолдау арқылы бұл қоғамның қауіпті кеселімен күресуге болады», - деді ол.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюіне алаңдаушылық білдірген болатын.
«Отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресу – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы керек. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюі бізді алаңдатуы тиіс. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды оңалтуға арналған бағдарламаны әзірлеуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.




Соңғы жаңалықтар