Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «ADAL KÓMEK» еріктілер жобасын іске қосты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «ADAL KÓMEK» еріктілер жобасын іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. «Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді. Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер. Бұл – күнделікті еңбек, бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті», – деп Президент «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімінде атап өтті.

Тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың көпшілігі өздерінің құқықтары бұзылған кезде кіммен байланысатындығын, қай мемлекеттік органның құзыретіне шағымдана алатынын білмейді. Арыздың қаралу нәтижесі хаттың дұрыс жазылғанына және тиісті органға жолдауына байланысты.

Осыған байланысты агенттікте «Еріктілер жылы» аясында «Adal kómek» жобасы іске қосылды. Оның мақсаты — азаматтарға құқықтық сауаттылығын арттыру, сонымен қатар өмірлік маңызды мәселелерді шешу үшін халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына құқықтық көмек көрсету.

Еріктілер ретінде агенттіктің қызметкерлері, тәжірибелі заңгерлер, адвокаттар, нотариустар, сондай-ақ студенттер, магистранттар, докторанттар, ЖОО заң факультеттерінің оқытушылары шығып, олар тұрғындарға өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша тұрақты түрде тегін кеңес береді.

«ANTIKOR ORTALYǴY» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызмет көрсету орталықтарының ғимараттарында апта сайын сенбі күні сағат 10-00-ден 13-00-ге дейін республиканың барлық аймақтарында кеңестер өтеді. Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстарында және Алматы мен Шымкент қалаларында сервистік орталықтар ашылғанға дейін кеңестер «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінде өткізіледі («ANTIKOR ORTALYǴY» қызмет көрсету орталықтарының және «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің мекен-жайы Агенттіктің веб-сайтында орналасқан).


Соңғы жаңалықтар