Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінің атын жамылған алаяқ ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерінің атын жамылған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қызылорда және Түркістан облыстық департаменттермен бірлесіп, алаяқтық әрекет жасау күдігіне ілінген азамат М.Ташовтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды. Ол өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырып, ескі үлгідегі жасанды қызметтік куәлікті қолданған»,- делінген агенттіктің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, 14 мамырда Ташов өзін Арман Иманбаев деген ойдан шығарылған есіммен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырып, азамат М-нің телефонын алаяқтық жолмен иемденген. Кейін күдікті бой тасалаған. Осыдан кейін зардап шегуші Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облыстық департаментіне хабарласқан.

«Оның өтініші ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) тіркелді. Сол күні сағат 22:00-де жедел-іздестіру шараларының барысында Түркістан қаласына кіре берісте Түркістан облысы Жетісай ауданының тумасы, жұмыссыз Мейірхан Теміртайұлы Ташов ұсталды. Одан Ташовтың фотосы жапсырылған, офицердің ойдан шығарылған есімімен жалған қызметтік куәлік тәркіленді. Осы адамның заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласуды сұраймыз»,- деді агенттіктен.


Соңғы жаңалықтар