Талдықорғанда шаруалар егін алқаптарын суаратын су таппай дабыл қағуда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда ондаған шаруа бір айдан бері алқаптарына бір тамшы су тимеді деп дабыл қағуда. Айтуларынша, қант қызылшасы, соя, дәнді дақыл - барлығы 6 мың гектар егіс күнге күйіп, желге қағылып, қаталап тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

96 гектарға қант қызылшасын сепкен Шамбұлай Өскенбаев еңбегіміз далаға кететін болды деп алаңдаулы.

«Елбасы тапсырмасын жүзеге асырамыз деп қант қызылшасын ектік. Енді міне, бір ай болды, су жоқ. Президент, Алматы облысының әкімі су мәселесін шешіп берсін деп сұраймыз. Алған несиемізді қалай төлейміз? Өнім алмасақ, шығынға шаш етектен батқалы тұрмыз», - деді Шамбұлай Өскенбаев.

Шамбұлай ақсақал сынды басқа шаруарлар да 6 мың гектар өнім күнге күйіп, қаталап жатқанын Текелідегі су электр станциясынан көреді. Сол жерге барлық су жиналып, егістікке тіршілік нәрі жіберілмей отыр деген оймен олар стансаға да барды. Бірақ мамандар су электр станциясынан егістікке ешқандай кедергі жоқ деп сендірді.


«Қаратал өзенінде су азайып кеткен. ГЭС-ке бардық. Бұрын ол жерде 50 текше метр су болса, қазір 12-13 текше метр ғана су жатыр. Шаруалармен келісіп жатырмыз, 4 күн - Талдықорғанға, 4 күн - Ескелдіге су берейік деп отырмыз. Бар суды үнемдеп қолдануға тырысамыз», -дейді «Қазсушар» РМК Алматы филиалы директорының міндетін атқарушы Саят Құдайбергенов.

Мамандар осылайша су тапшылығы жылдан жылға күрделенуі мүмкін деген болжам айтады. Сондықтан тіршілік нәріне таласпай, ұқыпты пайдалану қажет.


Соңғы жаңалықтар