Талибан қозғалысына салынған тыйымды алып тастағалы жатқан жоқпыз – Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Талибан қозғалысымен (Қазақстанда және басқа да көптеген елдерде тыйым салынған) келіссөздер жүргізгенімен, оның жұмысына ел аумағында салынған тыйымды алып тастамайды. «Ашық диалог-2» сұхбатында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Талибанмен (Қазақстанда және басқа да көптеген елдерде тыйым салынған) келіссөздер жүргізу бейтарап қалудан әлдеқайда ақылға қонымды қадам деп айтуға болады. Ондағы әлеуетті гуманитарлық апат Ауғанстанның жеке ішкі проблемасы болудан қалып барады. Бір жағынан Талибан қозғалысына террористік ұйым ретінде салынған тыйымды алып тастай алмаймыз. Тыйым салмау - біздің азаматтарға ол ұйымның қағидатын ұстануға рұқсат беру болар еді. Бұл бүгінде ақылға қонымсыз екеніне келісетін шығарсыз. Талибанның басындағы жағдай - саясат деген күрделі әрі қайшылыққа толы дүние екенін көрсетіп отыр», - деген Дәурен Абаев ҚР Сыртқы істер министрінің бүгін ғана осы мәселе бойынша мәлімдеме жасағанын еске салды.

«Бүгін ғана Сыртқы істер министрі мәлімдеме жасап, Талибанның мойнындағы «террористік ұйым» деген гриф бүкіл әлем қауымдастығының ортақ шешімі негізінде ғана алынуы мүмкін екенін айтты. Әрине, бірінші кезекте БҰҰ-ның ұйғарымы болу керек.

Жалғыз біз ғана Талибан қозғалысымен келіссөз жүргізіп жатқан жоқпыз. Әлемдегі ірі державалар да, осы өңірдегі өзге мемлекеттер де осылай істеп жатыр. Дәл қазір, бастапқы кезеңде Талибанды халықаралық байланыстар мен міндеттемелерге тарту өте маңызды. Осылай ғана екі нәрсеге қол жеткізуге болады. Біріншісі – елдің аумағын өзге мемлекеттерге зиян келтіру үшін пайдалануға жол бермеу. Екіншісі – басқару режимін жұмсарту. Ауғанстанның оқшау қалуы ешкімге жақсылық әкелмейді. Керісінше, одан әрі радикалдануға жол ашады», - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары


Соңғы жаңалықтар