Тараз бен Мойынқұм арасында тікелей әуе рейсі қайта іске қосылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданы арасында әуе тасымалы іске қосылады. Бұл туралы аймақ басшысы Асқар Мырзахметов ауданға арнайы барған жұмыс сапары барысында тұрғындардың тілегіне көңіл бөліп,  тиісті орындарға нақты тапсырмалар берген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мойынқұм – облыс орталығынан ең шалғай орналасқан  аудандардың бірі. Екі ортадағы жол қиындығы қатынап жүрген жолаушылардың көптен көңілінде жүргені даусыз. Бұл мәселе енді оңынан шешілмек.

«Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес,  шағын авиацияны дамыту қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда, облысымыздың орталығынан Мойынқұм және Төле би ауылдарына әуе маршруттарын ашу мүмкіндіктерін зерделеу, соның ішінде қажеттілікті анықтау, әуеайлақ салуға кететін шығын көлемін анықтау бойынша жұмыстары жүргізілуде»,-дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Айта кетейік, Мойынқұм ауылынан облыс орталығына бір кездері яғни, 1966-1990 жылдар аралығында күнделікті 2 рет АН-2 және ЯК-40 ұшақтарымен әуе тасымалы қызмет көрсеткен. Алайда, Республикамыз тәуелсіздігін алған жылдары еліміздегі қаржылық қиындықтарға байланысты аталған әуе бағдары жұмысын тоқтатқан. Алдағы уақытта ол қайта жанданып, көптің тілегі орындалмақ. Әуе тасымалы іске қосылғанда екі арадағы автокөлікпен жүретін 4-5 сағаттық жол екі есе қысқарып, 1-1,5 сағатта жетуге мүмкіндік туады деп күтілуде. Бүгінде ауданда әуеайлақ салу үшін арнайы жер де белгіленіп қойылған.

Соңғы жаңалықтар