Тараз көшелерін әскерилер жаңа әдіспен дезинфекциялай бастады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Тараз қаласының көшелерін санитариялық залалсыздандырудың жаңа әдісімен тазартуды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Енді әскерилер облыс орталығындағы қоғамдық орындарды хлор ерітіндісімен ғана дезинфекциялап қоймай, барынша тазалап жуып жүр. Оларалдымен арнайы ARS-14KZ автоматтарының көмегімен көшелерге дезинфекциялаушы ақ көбіктер шашып, оны щеткамен жайып, шаяды. Бұл жұмыстарды тиісінше екі топ бірлесе орындайды.

Мұндай дезинфекциялық шара қаланың көрікті орындарының бірі – «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағынан басталды. Бірінші кешеннің «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағы тазартылды. Залалсыздандыру жұмыстарына өңірдегі қолбасшылықтың радиациялық, химиялық және биологиялық қорғауын ұйымдастыратын 22534 әскери бөлімінің жеке құрамы қатысты.

«Бөлімшеміз қажетті арнайы құрал-жабдықтар мен жаппай қырып-жою қаруын қолданудың салдары мен залалын анықтауға және бағалауға, аймақтарды, әскери нысандар мен құрылыстарды залалсыздандыруға бағытталған. Алайда дәл қазіргі таңда біз қаланы залалсыздандыру үшін технологиямызды да, білімімізді де, дайындығымызды да салуға дайынбыз», - дейді бөлім командирі, майор Тайыр Сағынғанов.

Айта кетерлігі, әскерилердің қолданысындағы дезинфекциялық құрал «Shield» деп аталады. Оның құрамында хлормен бірге, бактерияға қарсы заттар бар. Тротуарға себілген химиялық ерітінді тұрғындарға ешқандай қауіп төндірмейді, десе де сапалы дезинфекциялайтындығын айтады мамандар.

«Біз қолданып жүрген дезинфекциялық құрал қала тұрғындары үшін өте қауіпсіз. Өйткені, ол қоғамдық орындарға себілетіндіктен негізгі талапқа сай, адамдарға, жануарларға және қоршаған ортаға зияны тимеуі тиіс. Егер бұл талапқа сай келмесе, ерітінді пайдалануға берілмес еді», - деп атап өтті бөлім командирі.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қайдар Қарақұловтың сөзінше, барлық гарнизондарында осындай жұмыстар жүргізілуде және әскери қызметшілер Тараз көшелерін залалсыздандыру шараларын жалғастыруға ниетті.



Соңғы жаңалықтар