Тараз тұрғыны үйдің 4-ші қабатына өрмелеп шығып, балконда қалып қойған қызды құтқарды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда жас жігіт тұрғын үйдің төртінші қабатына өрмелеп шығып, балконға қамалып қалған кішкентай қызды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараз қаласында кәмелетке толмаған қыз өз пәтерінің балконына шыққан кезде артындағы есік жабылып, қайтып кіре алмай қалған. Сол сәтте өтіп бара жатқан жас жігіт жылап тұрған бүлдіршін қыз баланы көріп, өз басын қатерге тіге отырып, 4-ші қабаттағы үйдің балконына өрмелеп шығып, есікті ашқан. Жігіт дүкенге кеткен қыздың анасы қайтып келгенге дейін оның жанында болған.

«Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары қыздың ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізді. Қазіргі уақытта Тараз қаласының Полиция басқармасы 1-ші полиция бөлімінің басшылығы жас жігітті марапаттау туралы мәселені қарастыруда»,-делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар