Таразда 500-ден астам жас ғалым бас қосты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 500-ден астам жас ғалым мен зерттеуші жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент-Елбасы қорының қолдауымен М.Дулати атындағы ТарМУ-де «Қазіргі Қазақстандағы инновациялық даму мен ғылымға деген сұранысы» атты XIII халықаралық ғылыми конференция өтті. Шара екі күнге созылды.

Іс-шараға студенттер, магистранттар, докторанттар, отандық және шетелдік жоғарғы оқу орындарының жас ғалымдары қатысты. Конференция аясында «Үздік жас ғалымдар кеңесі», «Science Slam Kazakhstan», «Жастардың инновациялық мүмкіндігі - 2019» және «Үздік ғылыми мақала» байқауы өтіп, олардың жеңімпаздары марапатталды. Конференцияның бірінші күні пленарлық сессия барысында отандық және шетелдік ғалымдар өз баяндамаларын оқып, инновациялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Ал екінші күні «Successful grant writing» ғылыми-әдістемелік семинар және ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысты шеберлік сабағы өтті. Семинар барысында Селжұқ университетінің профессоры Альпер Уюмаз түркиялық Mevlana және Turkey академиялық ұтқырлық бағдарламалары туралы айтып өтсе, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Әділ Родионов әлеуметтік ғылымдар саласындағы жарияланымдар маңыздылығы мен ғылыми зерттеу грантын ұту жолдарына тоқталды.

Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры жанындағы ғылыми кеңес мүшесі, Satpayev University ассоцияланған профессоры Ермек Тоқтаров және Ұлттық биотехнология орталығы адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, ҚР Білім және ғылым министрлігі маңындағы жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсат Жабағин ғылыми грантқа өтінім жазу ерекшеліктеріне тоқталды. Семинарда Erasmus+ бағдарламасы арқылы кәсіби дайындық деңгейін арттыру жолдары туралы презентация жасалды. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының «Биология және биохимия» кафедрасының профессоры Марлен Есіркепов магистрант, докторант және жас ғалымдарға арнап ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатысты шеберлік сабағын өткізді. «Science Slam Kazakhstan» байқауында үшінші дәрежелі дипломмен Жасұлан Дүйсеней марапатталса, екінші дәрежелі дипломмен Дилдора Мусаметова, ал бірінші дәрежелі дипломмен Бағдат Сұлтан марапатталды.

«Жастардың инновациялық мүмкіндігі - 2019» номинациясы бойынша Сержан Мыңбеков, Гүлнәр Ахметханова, Наталья Ворошилова марапатталды. «Үздік жас ғалымдар кеңесі» номинациясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жас ғалымдар кеңесі марапатталды. Елбасы қорының өкілдері осындай конференцияның алғаш рет өңірде өткізілгенін айтып өтіп, ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалап, білім ордамызда жас ғалымдарға жақсы қолдау көрсетілетініне көз жеткізгенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар