Таразда әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша халықаралық форум өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау минстрлігінің ұйымдастыруымен «Əлеуметтік кəсіпкерлік: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық форумы өтті,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумға онлайн режімінде АҚШ, Ресей, Индия, Израил жəне ТМД елдерінің өкілдерімен қатар өңір кəсіпкерлері қатысты.

Аталған кешеннің көрме залына түрлі бағдарламалар мен жобаларға қатысып, өз жеке кәсібін ашқан кəсіпкерлердің өндірген өнімі мен қолынан шыққан дүниелері көрмеге қойылыпты. Форумның ашылуы алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып отырған көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көрмеге қойылған кондитерлік, сүт, қолөнер мен жиһаз, аяқ киім, қуыршақтар мен қыз жасаулары бұйымдарымен танысты.


Әсіресе, өнертапқыш, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Рауан Рауылбековтың өз бетінше жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған азаматтарға арналған «Метрон» механикалық қозғалтқышы қонақтарды таң-тамаша қалдырды. Рауан бұл құралды жасап шығу үшін 3 миллион теңге несие алып, жұмысын бастап кетіпті. Қазір оның тірек-қимыл жүйесі бұзылған азаматтарға жасап жатқан мұндай аппараты 200 мың теңгеден өткерілуде. Ол мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан төрт адамды жұмыспен қамтып, бұдан бөлек тапсырыспен басқа да бұйымдар жасап жатқанын жеткізді.

Бұдан бөлек, түрлі жиһаздар мен кәдесыйлар, қуыршақтар, былғары аяқ киімдер мен қыз жасауын тігіп, оны кәсіп көзіне айналдырған әлеуметтік топтағы кәсіпкерлердің барлығының жұмысымен жеке танысып шыққан облыс әкімі олардың әрбірінің бастаған жұмысына сәттілік тіледі.

Халықаралық форумды облыс əкімі Бердібек Сапарбаев ашып берді.

- Бүгінгі форумға Ресейден, Түркиядан, ТМД елдерінен қонақтар келіп, қатысып отыр. Бұл форумды өткізудегі басты мақсатымыз өңіріміздегі әлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз кəсібін ашып, қоғамға тартылуына жәрдемдесу. Олардың мəселесін форумда талқылап, шет елдік әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып бірлесе шешуге тырысамыз. Сөйтіп өзге мемлекеттердің озық тəжірбиелерін өңірімізде қолдануға жол ашатын боламыз, - деді аймақ басшысы.

Келесі кезекте онлайн режимде қосылған Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов халықаралық форумның маңыздылығына тоқталды.


- Бұл форумның басты мақсаты – әлеуметтік топқа жататын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мəселесін шешу. Оларды қоғамдық ортаға, кəсіпке бет бұруға тарта отырып, қоғамнан не аламын деп емес, қоғамға мен не бере аламын деген қағидамен олардың өмірге деген құлшынысын арттыру. Осы форумнан кейін біздің ортамызда өзін көрсете алмай отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту жобасы аясында өзін көрсетуге, кəсібін ашуға мүмкіндік алады деген сенімдемін, - деді министр.

Одан әрі халықаралық форумды әлеуметтік кәсіпкер-модератор Эмин Аскеров жүргізіп отырды. Форумда Еуропалық қайта құру және даму банкінің шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобының жоба маманы Мұрат Нарқұлов, «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Айнұр Заурбекова атқарып жатқан өз жұмыстарымен таныстырды. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулдығының мәдени кеңесшісі Ананд Кришна болса, әлеуметтік кәсіпкерлікті еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы мен Талдықорған қалаларында дамыту үшін ондағы кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіп жатқандығын сөз етті.

Бангладештік экономика ғылымының профессоры, әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мохамед Юнус, әлеуметтік инвестициялар және кәсіпкерлік саласындағы жетекші ресейлік сарапшы Сергей Голубев және «Әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығы» Қырғызстанның басқарма төрағасы Бақытбек Сағыналы бұл саладағы өз тәжірибелерімен бөлісті.


Соңғы жаңалықтар