Таразда басы дауға қалған мектеп директоры қызметінен шеттетілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда басы дауға қалған №43 мектеп директоры қызметінен уақытша шеттетілді. Ал, мектеп директорының заңсыз әркеттері туралы айтып, жұмыстан «негізсіз қуылдым» деп бейнеүндеу жолдаған мұғалім қызметіне қайта оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Онда ағымдағы жылдың 24 ақпанында Тараз қалалық білім бөліміне қарасты № 43 орта мектеп мұғалімінің өтінішіне байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс комиссиясы құрылғандығы айтылған. Комиссия құрамына білім басқармасының, салалық кәсіподақ, үкіметтік емес ұйым өкілдері еніпті.

«Жарияланған бейнероликте айтылған барлық фактілер бойынша тексеру шаралары жүргізілуде. Онда келтірілген фактілер расталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының шешімімен К.Бөрімбекова №43 орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі қызметіне қайта қабылданды. Ал, Тараз қаласындағы № 43 мектеп директоры Э.Өмірбекова уақытша қызметінен босатылды» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі кезде бұл мәселе облыстық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, облыстық білім басқармасының, Тараз қаласы әкімдігінің және «Nur Otan» партиясы өкілдерінің қатысумен аталған мәселе жан-жақты зерделенуде. Тексеру іс-шаралары толық аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нақты шешім қабылданбақ. Бүгінгі таңда мектеп қалыпты режимде жұмыс істеп, тиісінше оқушылар сабаққа қатысуда. Барлық сабақтар кестеге сәйкес өтуде.

Айта кетейік, бұған дейін аталған мектептің мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекова жұмыстан «негізсіз қуылдым» деп, өзінің жанайқайын бейнеүндеу арқылы жеткізген болатын. Әлеуметтік желіде таралған бейнеүндеуде ұстаз Ел Президенті мен білім министрінен араша сұраған еді. Онда ол мектеп директоры Эльмира Өмірбекова аталған оқу ордасына басшы болып келгелі ұжымның берекесі қашқанын, көптеген мұғалімдерді жұмыстан қуып, 20-25 жылдық еңбек өтілі бар педагогтерді өз еркімен қызметінен кетуге мәжбүрлегенін ашына жеткізген.


Соңғы жаңалықтар